ҚЫЗЫЛША АУРУЫ АСҚЫНСА, МИ ІСІНІП, СОҚЫРЛЫҚҚА ӘКЕП СОҒУЫ МҮМКІН

Уақыты: 19.03.2022
Оқылды: 4903
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Қызылша – бұл 39 градустан жоғары температура, интоксикация, тамақтың ауруы, көздің шырышты қабығы, мұрын-жұтқыншақ және жоғары тыныс алу жолдарының катаральды қабынуы, ауыздың шырышты қабатының бөртпелері, жөтел және өзіне тән бөртпелермен сипатталатын жедел инфекциялық ауру.

Ол ағзаға ауыздың, мұрынның және көздің шырышты қабаты арқылы енетін РНҚ бар вирус тудыратын ауа тамшыларымен беріледі. Инфекция өзінің жұқпалы болуымен ерекшеленеді. Қоздырғыш бөлмеде айтарлықтай қашықтыққа қозғалуға қабілетті. Егер көпқабатты үйде қызылша ауруы болса, онда онымен байланыста болмаған, бірақ осы үйде тұратын балалар одан жұқтыруы мүмкін. Вирустың таралуы баспалдақтар, дәліздер және тіпті, желдету жүйесі арқылы жүреді. Қызылшамен өмір бойы тек 1 рет ауыруға болады, одан кейін ағзада тұрақты иммунитет қалыптасады.

Қызылшаның берілу жолдары: дені сау адам  ауруды жұқтырған адаммен тікелей байланыста болғанда және вирус ағзаға шырышты қабаттар арқылы енген кезде ауа тамшылары жолмен жұғады.

Клиникалық жіктелуі: түрі бойынша: типтік, атипті (митигирленген, абортивті, жойылған, симптомсыз, гипертоксикалық). Қызылшаның клиникалық кезеңі бойынша: катаральды кезең, бөртпе кезеңі, пигментация кезеңі.

Ауырлық дәрежесі бойынша: жеңіл, орташа ауыр, ауыр. Ағымы бойынша: тегіс, тегіс емес (асқынулармен, қайталама инфекцияның қабаттасуымен, созылмалы аурулардың өршуімен).

Қызылша белгілері: катаральды кезеңде (кезең ұзақтығы 3-4 күн); катаральды белгілердің өршуі (жөтел, ринит, конъюнктивит, көзден жас ағу, жарықтан қорқу, блефароспазм); қызылша энантемасы: жұмсақ, ішінара қатты таңдайдың шырышты қабығындағы қызыл тұрақты емес дақтар, ауыз қуысының шырышты қабығында Бельский-Филатов-Коплик дақтары (кезеңнің соңында), ал сирек дақтар  еріннің, қызыл иектің шырышты қабығында кездеседі.

Бөртпе кезеңінде: дене қызуының қайта көтерілуі; құлақтың артында, бетте бөртпелер пайда болады. Ал бір тәулік ішінде бөртпелер мойынға, жоғары кеуде тұсында 2-ші күні бөртпе денеге толықтай шықса, 3-ші күні аяқ-қолдардың проксималды бөліктеріне таралады. Бөртпенің қайтуы кезеңінде макуло-папулезді біріккен бөртпеден пигментацияға ауысады, интоксикация, тыныс алу жолдарының шырышты қабаттарының катаральды құбылыстары және көз конъюнктивиті (мұрынның ағуы, жөтел, көзден жас ағу, жарықтан қорқу) күшейеді. Бельский-Филатов-Коплик дақтары басында сақталады, содан кейін жоғалады, трахеобронхит, жүрек дыбыстарының бәсеңдеуі, артериялық гипотензия пайда болады.

Пигментация кезеңінде: бөртпе пайда болған ретпен кетіп, пигментацияны қалдырады. Қызылшаның асқынулары: соқырлық, қызылша энцефалиті (бас миының ісінуіне әкелетін) 1000 жағдайдың 1-де болады. Пневмония, ларингит және ларинготрахеит, қызылша туберкулездің ағымын белсендіре алады, отит болады. Жүкті әйелдердегі қызылша ұрықтың жоғалуына әкеледі. 300-ден 1 бала энцефалопатия түрінде қызылшаның асқынуын алады. Әсіресе, қызылша жиі ауыратын, әлсіз балаларда ауыр өтеді.

Қызылшаның алдын алу: қызылшаның арнайы емі жоқ, сондықтан, дер кезінде осы аурудың алдын алу шараларын қабылдау қажет. Қызылшаның алдын алудың негізгі және ең тиімді құралы вакцино профилактика болып табылады. Ұлттық күнтізбеге сәйкес алдын алу екпесі жоспарлы түрде 12-15 айда және қайта егуі 6 жаста жүргізіледі.    

А.ЖЕКСЕНБАЙ,

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Санитарлық эпидемиологиялық бақылау (СЭБ) комитеті Алматы облысы бойынша СЭБ департаменті инфекциялық және паразиттік ауруларды эпидемиологиялық бақылау бөлімінің бас маманы

Сурет ғаламтордан алынды