Тегін ота жасады

Уақыты: 28.09.2017
Оқылды: 1537
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Сарқан аудандық орталық ауруханасына медицина ғылымдарының докторы, атақты хирург, профессор Нұрлан Арын келіп, Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының қызметкері Мира ТҰндыбаевамен бірлесіп шеберлік дәрісін өткізді. 

Нұрлан Мұхтарұлы жыл сайын туған жері Сарқан ауданына келіп, жерлестеріне медициналық қызмет көрсетуді дәстүрге айналдырған. Қайырымдылық акциясының ұйымдастырушысы ретінде Талдықорған, Түркістан, Павлодар, Астана қалаларында, Қарасай, Сарқан аудандарының орталықтарында және Оңтүстік Қазақстан облысының Ордабасы ауданында 700-ден астам әртүрлі ота жасаған ол бұл қадамын перзенттік парызым деп санайды. 
Осы жолы Сарқан аудандық ауруханасының бас дәрігері Алтай Шұлғаубаевтың шақыруымен келген  Нұрлан Мұхтарұлы ақ халаттылармен сұхбаттасып, Елбасының Рухани жаңғыру бағдарламасы аясында туған жердің өркендеуіне үлес қосуды басты мақсат тұтатындығын  сөзіне арқау етті. Басқосуды аудан әкімі Ерғазы Қошанбеков жүргізіп, туған жеріне ат ізін салған айтулы перзенттерінің білімі мен біліктілігі ел мүддесіне жұмсалатындығын мақтан тұтып, тұрғындар атынан алғыс білдірді. 
Сол күні профессор лапароскопиялық тәсілмен аудандық ауруханадағы заманауи жабдықтарды пайдалана отырып, білікті медициналық көмекке мұқтаж Болат Сыдықов, Эльмира Мамбетбаева, Галина Менгазоваға холецистэктомия, миома, варикоз диагноздары бойынша ота жасады. Сәтті жасалған отадан соң палаталарына оралған емделушілер тегін көмек көрсетіп, жерлестеріне қамқорлық қолын созған ғалым дәрігерге алғыс жаудырды.  


Жомарт ИГІМАН.
Сарқан ауданы
.