Жіті респираторлық вирустық инфекция және тұмаудың алдын алу шаралары

Уақыты: 03.10.2017
Оқылды: 1889
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша жіті респираторлық вирустық инфекциялар (ЖРВИ) барлық инфекциялық аурулар арасында 90%-ды құрайды. Көбінесе ЖРВИ және тұмауға балалар, қарт адамдар, жоғары тыныс алу жолдары мен бронх-өкпелік жүйесі созылмалы ауыратын ЖАНДАР, иммунтапшылығы күйіндегі пациенттер шалдығады. Респираторлық жолдың ауруының жиілігінің жоғарылығы этиологиялық факторлардың түрлілігіне байланысты (риновирустар, респираторлық-синцитиялық инфекция вирусы, тұмау мен парагрипп, аденовирустар, коронавирустар, сондай-ақ, ECHO және Коксаки (А және В типі) вирустары, қоздырғыштың өзгеруінің жоғарылығы мен тез жұғуы (ауа тамшылары арқылы).

Пневмония, баспа,  пиелонефрит, цистит, энцефалит, менингит, арахноидит, полиневрит, радикулит секілді тұмаудың асқынуы да өте қауіпті. Тұмаудың асқынуы адамды мүгедектікке, асқынған жағдайда өлімге әкелуі мүмкін. Тұмаумен ауырғаннан кейін бронх демікпесі, созылмалы бронхит, жүрек-қантамыр ауруы, зат алмасудың бұзылуынан туындаған аурулар секілді созылмалы аурулар асқынады.
Аурудың немесе оның асқынуының алдын алудың ең тиімді жолы вакциналау болып табылады. Сау адамдарда тұмауға қарсы вакцина бірқалыпты қорғанысты қамтамасыз етуі мүмкін. Дегенмен, қарт адамдар арасында тұмауға қарсы вакцинаның аурудың алдын алуда тиімділігі аздау, бірақ аурудың ауырлығы мен аурудың асқынуы мен өлім-жітім деректерінің санын азайтуы мүмкін.
Дендері сау ересек тұрғындар арасында вакциналау тұмаумен аурушаңдылықты 70-90%-ға, ал қарт адамдар арасында аурудың асқыну мүмкіндігін 60%-ға, өлім-жітім дерегін 80%-ға төмендетуі мүмкін.
ЖРВИ, тұмау мен пневмококктық инфекцияның алдын алу мақсатында жыл сайын қыркүйек-қазан аралығында айлық өткізіледі. Ауырып қалмау үшін мына қарапайым ережелерді сақтау қажет екенін естеріңізге саламыз: науқас адамдармен қатынасқан кезде бетперде кию, инфекция таралуының алдын алу үшін қолды сабынмен немесе бактерияға қарсы құралдармен жуу, бір реттік мұрын сүлгілерін қолдана отырып жөтелу және түшкіру кезінде мұрын мен ауызды жабу, көпшілік жиналатын орындарға баруды шектеу, бөлмені үнемі желдету, көзді, мұрын мен ауызды лас қолмен ұстамау, салауатты өмір салтын ұстану, яғни таза ауада серуендеу, дене белсенділігімен айналысу, дұрыс тамақтану, зиянды әдеттерден бас тарту, т.с.с.


А. Шарипбаева,  
«Алматы облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемаларының орталығы» ЖШС маманы.