Сары аурудан сақтаныңыз

Уақыты: 03.10.2017
Оқылды: 2205
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Гепатиттер бауырдың зақымдалуымен сипатталатын, түрлі механизмдермен таралатын, A, B, C, D және E вирустарының біреуімен шақырылатын жұқпалы аурулар тобы. Бұл ең кең таралған ауруға жатады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы  гепатиттерді қауіпті деп таниды. Бағалаулар бойынша, әлемде жарты миллиардтан астам  адам гепатит В немесе С вирусын жұқтырып, созылмалы дертке ұшыраған. Осындай инфекция  57% жағдайда бауыр циррозына және 78% жағдайда бастапқы бауыр обырына әкелуі ықтимал. Міне, сондықтан аталмыш жұқпаның таралу түрлері мен айығу жолдарын жұртшылықтың білгені абзал.

Вирустық гепатиттердің түрлері: Гепатит А –  бұл түрі ең жиі кездеседі, халық арасында  Боткин ауруымен белгілі. Жасырын кезеңі – бір аптадан       50 күнге дейін. Сарғаюға дейінгі кезеңде айналасындағылар үшін қауіпті болып табылады. Ал,  гепатит Е – гепатит А-ға ұқсас, бірақ жүкті әйелдерге қауіпті,  ұрық үшін жүктіліктің екінші жартысында ең қауіпті кезі. Жасырын кезеңі – 2 аптадан 50 күнге дейін. А және Е  вирусты гепатиттері  әдетте  асқынулар туғызбайды,  бірнеше аптадан кейін науқас сауығып кетеді. Осыдан кейін организмде тұрақты  иммунитет қалыптасады. Гепатит В – вирус қан, сперма арқылы беріледі, анадан балаға жүктілік немесе босану кезінде таралады. Аурудың жасырын кезеңі 50 күннен  жарты жылға дейін. Жіті  В гепатиті  90-95%  сауығумен аяқталады, бірақ ол, сондай-ақ, созылмалы түрге өтіп, бауыр циррозы мен бауыр обырына алып келетін қаупі бар жұқпа.   Гепатит С – гепатиттердің ең қауіпті түрі. Көп жағдайларда  қан арқылы жұғады.  Жасырын кезеңі – 2 аптадан 2 жылға дейін. Шынайы ауруды жасырып, қауіпті емес патологиялық үрдіс ретінде көріністе болатындықтан, С гепатитін «мейірімді қанішер» деп те атайды. Диагностикалаудың 80% жағдайында патологиялық үрдіс созылмалыға айналып, болашақта бауыр обыры немесе циррозына алып келеді. 
Гепатиттердің клиникалық белгілеріне тоқталсақ, оның алғашқы елеулі  белгілері вирустың жеткілікті мөлшерде көбейіп, организмде толығымен бейімделгенінен кейін басталады. Орташа есеппен бұл үрдістің дамуына 14 күннен 6 айға дейінгі уақыт өтеді.  Сарғыштануға дейінгі кезеңде сырқаттанушылық тұмауға ұқсас келеді: дене қызуының көтерілуі, бастың ауыруы, әлсіздік. Ары қарай тәбет төмендеп,  шаршағыштық, құсу, он жақ қабырға астындағы ауру сезімі байқалады. Нәжістің түсі  ағарып, ал зәр қоңырқайлана түседі. Тексеру барысында бауырдың көлемі өзгеріп, кейде көк бауыр да зақымдалуы мүмкін. Вирустық С гепатитінен басқасында сарғыштану кезеңінен кейін науқастың жағдайы қалыпқа келе бастайды. Бірнеше апта өткеннен кейін науқастардың жағдайы жақсарады.  Фульминантты немесе  аса жіті түрінде сырқаттанушылық бауыр некрозының  дамуымен  сипатталып, өлім-жітімге алып келеді. Жұқпаның негізінен 2 таралу жолы бар. Оның алғашқысы ауыз, нәжіс арқылы. Екіншісі  ластанған су, тағам және қол мен тұрмыстық заттар арқылы таралады. 
Гепатиттерді емдеу дәрігер инфекционистің бақылауымен жүргізіледі, А және Е гепатиттермен сырқаттану нәтижесінің болжамы сауығумен аяқталады, ал басқа гепатиттер үшін ағзаның жалпы жағдайына, вирустың түріне, уақытылы ем алуына және салауатты өмір салтын ұстануына байланысты болып табылады.  Сондықтан, бүгінгі таңда А және В гепатитіне қарсы вакцина бар, ол ұлттық егу күнтізбесіне енгізілген. Қалған гепатиттерге арналған вакцина жоқ. 


Е. СЫДЫМАНОВ,
облыстық қоғамдық денсаулық сақтау  департаментінің басшысы.