ТАЛДЫҚОРҒАНДА КОРОНАВИРУС ЖҰҚТЫРҒАН ЕҢ СОҢҒЫ НАУҚАС ЕМДЕЛІП ШЫҚТЫ

Уақыты: 26.04.2022
Оқылды: 2878
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Бүгін Талдықорған қаласындағы Алматы облыстық инфекциялық ауруханасынан COVID-19 жұқтырған соңғы науқас емделіп шықты.

Ол 12 сәуірде жоғары дене қызуымен ауруханаға түскен. Талдықорған қаласының тұрғыны Шолпан Өскембаева жансақтау бөлімінде 5 күн жатқан. Өкпесінің 50 пайызы қабынған Шолпан 12 күннен кейін коронавирус инфекциясынан толық емделіп шықты.

- Ауруханаға түскен күні жансақтау бөлімінің меңгерушісі Қуат Мұратбекұлы мен КВИ бөлімінің меңгерушісі Гүлнар Мейірбекова қабылдап шұғыл көмек көрсетті. Қажетті тексеруден өткеннен кейін ем бірден басталды. Дәрігерлердің дер кезінде көрсеткен көмегінің арқасында аман қалдым. Дәрігерлерге алғысым шексіз, - дейді қала тұрғыны.

"2020 жылы 55 күнде салынып, қолданысқа берілген модульдік инфекциялық аурухана ендігі кезекте жалпы инфекциялық ауруларды емдейтін болады. Сонымен қатар, балалалар бөлімі де ашылады. Облыстық инфекциялық аурухана ары қарай жұмысын жалғастырады. Қазіргі уақытта жалпы инфекциялық ауру жұқтырған науқастарды қабылдау үшін дайындық жұмыстарын жүргізіп жатырмыз", - дейді аурухана директоры Біржан Оспанов.

Талдықорған қаласындағы модульдік инфекциялық аурухана пандемия кезінде 4 мыңнан астам сырқатты қабылдаған. Олардың төрттен бір бөлігі аса ауыр жағдайда түскен.

Естеріңізге сала кетсек, 2020 жылы Талдықорған қаласында 55 күнде салынған 200 орынды заманауи модульді инфекциялық аурухана қолданысқа берілген болатын.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"