ҚАРАСАЙЛЫҚ ДӘРІГЕРЛЕР 35 ЖАСТАҒЫ ТҰРҒЫНДЫ АМАН АЛЫП ҚАЛДЫ

Уақыты: 05.05.2022
Оқылды: 2373
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Қарасай аудандық ауруханасының дәрігерлері спецификалық емес ойық жаралы колит дертіне шалдыққан 35 жастағы тұрғынды аман алып қалды. Бұл туралы Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.

Дәрігерлер амебалық дизентерия диагнозымен инфекциялық бөлімшеге түскен науқасты консервативті емдеу тиімді болмағанын айтады. Науқасқа жасалған медициналық тексеру нәтижесінде спецификалық емес ойық жаралы колит дерті анықталған. Төрт сағатқа созылған операция аталған аурухана директоры Мәулен Малғаждаровтың тікелей қатысуымен жасалған.

- Ауруханаға ауыр жағдайда түскен науқасқа шұғыл түрде ота жасау қажет болды. Өйткені, операцияға дейін көп қан жоғалтқан әрі ішекке қан кеткен. Төрт сағатқа созылған операция кезінде зақымданған ішекті қалпына келтіріп, қажетті шаралардың барлығы жасалды. Операция сәтті өтті. Қазіргі таңда науқас амбулаториялық ем қабылдауда, - деді профессор, Қарасай аудандық ауруханасының директоры Мәулен Сансызбайұлы. Сонымен қатар, Мәулен Сансызбайұлы аурухана барлық қажетті медициналық құрылғылармен қамтамасыз етілгенін және аурухананың тәжірибелі мамандары кез келген отаны жедел түрде жасауға машықтанғанын жеткізді.

Тәжірибелі мамандардың арқасында аман қалған науқас дәрігерлерге шексіз ризашылығын білдірді.

Айта кету керек, науқасқа күрделі ота міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі негізінде жасалды.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"