БЕЙБІТ ИСАБАЕВ МЕДИЦИНА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІН ҚҰТТЫҚТАДЫ

Уақыты: 15.06.2022
Оқылды: 1478
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Жетісу облысының орталығы Талдықорғанда Медицина қызметкерлерінің мерекесі салтанатты түрде аталып өтті. Шара басталмас бұрын өңірге белгілі мамандар облыс әкімі  Бейбіт Исабаевқа өздері басқарып отырған саладағы атқарылып жатқан жұмыстар мен жаңа технологияларды игеру барысындағы жетістіктерін  баян етті. Олар өз жұмыстары жайлы әңгімелей келе, түйінді мәселелерін де  жасырған жоқ. Өңір басшысы оларды шешу жолдарын алдағы уақытта  ақылдасып шешу керегін айтты. 

Салтанатты шарада  сөз алған облыс әкімі Бейбіт Исабаев денсаулық сақтау саласының мамандарын мерекемен құттықтап, алғашқы ресми жиынды дәрігерлермен өткізгенін жақсы нышанға балайтынын жеткізді. Әкім дәрігерлердің  адам жанын арашалаудағы еселі еңбегін айта келіп, оларға алғыс білдірді.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен елімізде жаңадан үш облыс – Абай, Жетісу және Ұлытау облыстары құрылғанын жақсы білесіздер.  Бұл тарихи шешімді халық қуана қабылдады. Соның ішінде Талдықорған өңірінің тұрғындары да қызу қолдау көрсетті. Бүгін Жетісудағы алғашқы салтанатты шара  медицина қызметкерлеріне арналып отыр. Мұның өзі – жақсылықтың нышаны. Себебі, «Денсаулық – бірінші байлық», – дейді. Баршаңызды Жетісу облысының құрылуымен және кәсіби мерекелеріңізбен  шын жүректен құттықтаймын!»,– деді өңір басшысы. Әкім қазақша сөйлегеннен кейін шараның барлық  ресми бөлімі мемлекеттік  тілде жалғасты.   
Құттықтаудан кейін өңір басшысы Бейбіт Өксікбай-ұлы  «2022 жылдың үздік медицина қызметкері» байқауының жеңімпаздарын марапаттады. Бұл марапатты 6 медициналық мекеме қызметкері иеленді.   Бірнеше дәрігерге облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты табысталды. 
Салтанатты шара барысында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Өмірзақ Ниязбеков әріптестерін мерейлі мерекемен құттықтап, бірнеше дәрігерді  Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен марапаттады. Бұдан әрі қарай дәрігерлер мінбеге кезек көтеріліп,  Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгілерін кеудесіне жарқырата тақты.  
Жиын соңынан журналистер облыс басшысы Бейбіт Исабаевтан өңірді басқарудағы  ұстанымын сұрадық.  – Басты басымдық халықтың тұрмыс жағдайы, денсаулығы,  жұмыспен қамтамасыз етілуі, еңбегіне қарай  ақы алуына берілмек. Мемлекет басшысының тапсырмасына орай, халықтың жағдайын жақсартуымыз керек. Екіншіден, әділдік принципін ұстануымыз қажет. Заңның баршаға ортақ болуын қадағалап, басымдық құруын қамтамасыз етеміз. Әлеуметтік әділетсіздік болмауы керек. Барша жұрт бірдей өмір сүруге құқылы. Үшінші мәселе, Жетісудың байлығын ел игілігіне жаратып,  ауылшаруашылығын жандандырып, өңдеу өнеркәсібіне көңіл бөлуге тиіспіз. Жаңа инвесторлар тарту да – негізгі мәселе.  Міне, осы салаларға басты көңіл бөлу керек, – деді өңір басшысы.

Гүлжан Мұқашқызы
Жетісу облысы