ДӘРІГЕРГЕ МЫҢ АЛҒЫС!

Уақыты: 18.06.2022
Оқылды: 1948
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Қонаев қаласындағы Мәдениет сарайында Медицина қызметкерлері күніне арналған мерекелік шара өтті. Салтанатты басқосуда еңбегі еленген бір топ сала мамандары марапатталып, сый-құрметке бөленді.

Салтанатты шарада облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев сөз сөйлеп, алғыс арқалаған абзал жандарды кәсіби мерекесімен шын жүректен құттықтады.

– Жыл басынан бері елімізде Жаңа Қазақстанды құруға бастайтын саяси шешімдер қабылданды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Қапшағай қаласына Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың есімі берілді. Бұл – оң бастамалардың жалғасы. Алматы облысын бөлу, облыс орталығын Қонаев қаласына бекіту туралы тарихи шешімді облыс тұрғындары қуана қолдап, үлкен үміт артып отыр. Кез келген мемлекеттің ең басты міндеттерінің бірі – ел азаматтарының денсаулығын сақтау, әл-ауқатын арттыру.

Адамның ең басты байлығы – денсаулық. Біз күнделікті жауапты қызмет атқара жүріп, екі жылға созылған пандемиямен күресте бар білімі мен тәжірибесін халық саулығын қорғауға бағыттаған баршаңызға зор ризашылығымызды білдіреміз. Қажетті құралжабдықтар мен дәрі-дәрмектің жеткілікті болуы және дәрігерлер біліктілігінің арқасында індеттің беті қайтып, барлық сала қалыпты өмірге оралды.

Қаңтар оқиғасы кезінде жарақат алған азаматтарға жедел медициналық жәрдем көрсеткен дәрігерлердің еңбегі өлшеусіз. Ел Президентінің алдымызға қойған міндеттеріне сәйкес аурудың алдын алуға, медициналық қызметтің қолжетімді әрі сапалы болуын қамтамасыз етуге бар жағдай жасалып келеді. Ғимараттар жаңартылып, материалдықтехникалық база нығайтылды, – деді аймақ басшысы.

Сонымен қатар, Марат Елеусізұлы жылдан-жылға осы салаға бөлінетін қаражат көлемі артып, биыл бұл көрсеткіш 4,4 миллиард теңгеден асқанын, мекемелердің жабдықталуы 91 пайызды құрағанын, қосымша 106 бірлік арнайы жабдықтар сатып алынатынын және облыстың медициналық мекемелеріне соңғы үш жылда 354 дәрігер маман жұмысқа қабылданғанын айтты. Облыс басшысы бұған қоса, медицина қызметкерлерінің қашанда өз міндетін жауапкершілікпен атқарып келе жатқанын алға тартып, күн сайын ерлікке тең іс атқарып жүрген ақ халатты абзал жандардың әрқайсысы ерекше құрметке лайық екенін жеткізді.

Жылы лебіз, ізгі ниеттен соң Марат Елеусізұлы «2022 жылдың үздік медициналық қызметкері» байқауының жеңімпаздарын марапаттады. Облыс көлемінде өткізілген байқауда «Стационардың үздік дәрігері» атанған Алматы аймақтық балалар клиникалық ауруханасының дәрігері Рамиль Қарасаевқа 7 миллион теңгенің сертификаты мен арнайы дипломы табыс етілді. «Үздік әлеуметтік қызметкер» деп танылған Іле орталық аудандық ауруханасының әлеуметтік қызметкері Жұлдыз Қулманова мен «Үздік дәрігерлік амбулатория» аталымында КазЦик ауылының дәрігерлік амбулаториясының меңгерушісі Толқын Садахбаева ақшалай сыйлыққа ие болды. Тағы бірқатар дәрігерге Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің «Денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісі табысталды. «Еңбек ардагері» медалі Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасының акушер-гинеколог дәрігері Ұлтай Кильтбаеваға берілді. Облыс әкімінің Алғыс хаты мен Құрмет грамоталарын алғандар да қуанышқа кенелді. Салтанатты жиында құрметке бөленген дәрігерлер өздерінің жүрекжарды тілектерін ақтарып, әріптестерін кәсіби мерекелерімен құттықтады. Шара соңы концерттік бағдарламаға ұласып, жиналғандар өнерпаздардың өнерін тамашалады.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА