«АДАМ ӨМІРІНЕ ТӨНГЕН ҚАУІПТІ СЕЙІЛТУДЕН АРТЫҚ БАҚЫТ ЖОҚ»

Уақыты: 19.06.2022
Оқылды: 1574
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Медицина қызметкерлерінің мерекесі қарсаңында  Алматы облыстық ауруханасының директоры, травматолог-ортопед Анарбек Моңғолмен әңгімелесудің сәті түсті.

– Алғашқы сұрақты барлық дәрігерге қоятын  «авторлық» сауалымнан бастайын. Қызмет кезінде басыңыздан өткен ерекше жағдайды айтып беріңізші?
– Қазақ: «Отызында орда бұзбаған қырқында қамал алмайды» дейді. Мен 40 жасқа толғанда өзіме есеп бердім.  Бірақ атқарған шаруама көңілім толмады. Содан  сырқат есепсіз көп түсетін, күрделі оталар жасалатын Алматыдағы №4 ауруханада өзімді сынап, ширатуға бел будым. Барып орналасып, жұмысқа кірісіп кеттім. Өздеріңізге белгілі, осыдан 2 жыл бұрын Алматы маңында ұшақ апатқа ұшырады. 
Таңғы лездемеге кірейік деп жатқанбыз. Төтенше жағдай орын алғаны хабарлана салысымен, бірер минуттың ішінде апаттан зардап шеккен  70 адамды алып келді.  Көбінің жағдайы ауыр. Сағаттың үлкен тілінің жылдамдығымен жұмыс істеуге тура келді. Барлығына шұғыл көмек көрсетіп,  аман алып қалудың қамына кірістік. Бұл біз үшін өте үлкен сынақ болды.  Бәріне алғашқы медициналық көмек көрсетіп, кейбіріне шұғыл ота жасап, енді бірінің қанын тоқтатып, жанұшыра жұмыс істедік.  Осы жағдай бірнеше күнге созылды. Бәрінің беті бері қараған түні ғана уһілемей ұйықтадым.   Арыс қаласында әскерилердің қару-жарақ қоймасы жарылғанда  орнынан қозғауға болмайтын  жаралыларды емдеу үшін екі ай сол жақта болдым. Онда да  ас ішпей, ұйықтамай, көмек көрсетуге тура келді.  Сол №4 ауруханада жұмыс істеген кездерім Талдықорғандағы 13 жылғы жұмыс өтіліме тең келді. Тәжірибе жинау, күш жұмсау, ота жасаудың қыр-сырын меңгердім. Бір тәулікте 15 ота жасаған кездер болды.  Науқастардың туыстарының алғысынан күш аламын.  Өмірдің рахаты – көптен алғыс алу. 
– Бүгінде  қол-аяқтың буынын алмастырумен де шұғылданасыз.  Жауапкершілігі мол  кәсіпті қалай меңгердіңіз?
– Бұрын буын алмастыру үшін ақша төлеп, Ресейдің Краснодар қаласынан білікті мамандарды шақыратынбыз. Мысалы,  ол  бірнеше айда бір-ақ рет келеді. Жағдайы ауыр сырқаттардың тізімін жасап қоямыз. Ол адамдар маманның келуін тағатсыздана күтеді.  Бір күні шетел маманынан ота жасауды  үйренуді жөн көрдім. Барлық отаға  қатысып, тәжірибе алдым.  Ол кетіп қалған соң буын алмастыру үшін ота жасауға бел будым. Қолыма ота пышағын алып, жұмысқа кіріскенімде  ағзада басқа да кемшіліктердің бары белгілі болды.  Қасымда шетел маманы тұрғанда қолдан келетін іс сияқты көрінгенмен, мәселе одан да күрделі екен. Содан краснодарлық әріптесіме  телефон соғып, жағдайды баяндап тұрдым, ол маған телефонмен кеңес беріп, көмектесті. Ота сәтті аяқталды. Ол кісі қазір де бар. Көргенде құшақтап, кеудеме қысамын. "Ата тірі қалып, жолымды ашты" деген ой тұрады. Әйтпесе, бетім қайтып қалар ма еді?!  Сонда да осы отадан кейін біраз уақытқа дейін дағдарып қалдым. Ары қарай жасанды буын салуды қолыма алайын ба, алмайын ба деп көп ойландым. Бір күні ота жасауым керектігі жайлы аян берілгендей болды.  Сол кезден бастап кез келген күрделі отаға тәуекел деп кірісіп кететін болдым.  
– "Тәуекел түбі – жел қайық, өтесің де кетесің". Бұл сіздің мамандығыңызға орай айтылғандай ма?
– Талдықорғандағы қалалық  көпсалалы аурухана ашыларда бұрынғы облыс әкімі Амандық Баталов травматология бөлімін ашып, басқаруды ұсынды.  Бір күні жол-көлік апатына түскен үш апаны алып келді. Үшеуінің де жарақаты өте ауыр. Барлық қабырғалары сынған. Ауруханаға түскеннен кейін бір апа қайтыс болды. Қалған пациенттерді аман алып қалу үшін 24 қабырғаға ота жасау жауапкершілігін мойныма алдым. Оған ота жасамасам да, ешкім ештеңе демейтін еді. Бұл жағдай  медицинада "көмек көрсету мүмкін емес" деген диагноз-шешімге жатады. Жасамасам аман қалмайтыны анық. 24 қабырғасы сынған адамның  басқа  дене мүшелеріне де зақым келеді.  Бұрын-соңды мұндай жағдайға түскен адамға көмек көрсетіп көрмеппін. Сіз айтқандай, "тәуекел" деп іске кірістім. Екеуін де аман алып қалдық. 
– Анарбек Моңғолханұлы, әңгімеңіз медицинаның тұңғиығына тартып барады. Бүгінде  жарақатсыз-ақ, буын ауруына шалдығушылар саны артуда. Кеселге шалдығу  жасарып барады. Себебін айтыңызшы? Кеселдің алдын алу жолдары қандай?
– Бұрын буын кеселі 40-50-ден асқан адамдарға тән еді. Қазір 16 жастағы балалар келіп жатыр. Буын сырқатына шалдығудың ең негізгі себебі – қозғалыстың аздығы.  Аяқ-қолға қан тарамай қалады.  Содан кейін дұрыс тамақтанбау да себеп. Газды сусындар  денсаулыққа, асқазан, тірек-қимыл мүшелеріне кері әсер етеді.  Бірақ 25 жасқа толғанша буын алмастырмаған жөн. Ол кезге дейін сүйек әлі қатпайды.  
– Бүгінде барлық ауданда, тіпті жол бойында да  жарақат бөлімдері ашылуда. Осынша  қажеттіліктің туындау себебі неде?
– Кеңес одағы кезінде  мұндай ауыр жарақаттар болмаған. Көп болса, үй төбесінен құлап кету, аттан жығылу, төбелес салдары болатын. Қазір жол-көлік оқиғасының кесірінен адамның ағзасын жинай алмай қалатын жағдайларды бастан өткіземіз. Мұның барлығы  – көлік жылдамдығын  асырып жібергеннен.  Сағатына 250 шақырым жылдамдықты алатын көліктер бар. Осы дұрыс емес. Содан кейін телефон құралына алаңдау да  жол-көлік оқиғасының орын алуына  әсерін тигізіп жатады.  Ұйқының қанбағаны да көлік апатына апарып соқтырады. 
– Тағдырдың жазуы дегенге сенесіз бе?  Осы мамандық маңдайыңызға жазылған десе, келісесіз бе?
– Келісемін-ау. Сенесіз бе, мен сапарға шықсам алдымнан жаңадан орын алған жол апаты кездеседі. Қазір жолға шығарда алдымен  адамдарға көмек көрсететін құрал-жабдығымды түгендеймін. Қанша асығыс болсам да ота жасайтын заттарымды өзіммен бірге алып жүремін. Аяқкиімімді ұмытуым мүмкін. Бірақ медициналық қобдишамды машинаға бірінші қонжитамын.  Басқа дәрігерлерге де осыны ескертемін. "Кез келген жағдайда дәрігер ретінде алғашқы медициналық көмек көрсетуге дайын болыңдар. Ең болмағанда, қасыңда қан тоқтататын дәрі-дәрмегің болсын" деймін.
– Онда сізде босаңсу, тынығу, еркін қыдыру деген болмайтын шығар.
– Біздің облыста ситуациялық орталық бар. Ондағы жағдай минут сайын менің телефоныма түсіп отырады. Нейроинсульт бөлімшелеріндегі адамдардың жағдайлары да хабарлама арқылы  келіп тұрады. Барлығына сараптама жасап, қандай көмек көрсету керек екенін шешуге тиіспін. Кейбір жағдайларға республика, денсаулық сақтау басқармаларынан көмек сұраймын. Санитарлық авиациямен де жұмыс жүргіземін.  Құрамында 551 адамы бар облыстық аурухананы басқарудың да жауапкершілігі жетеді.
– Анарбек Моңғолханұлы,  қайтадан өмір сүру таңдауы түссе осы жауапкершілігі мол мамандықты таңдар ма едіңіз? 
– Өмір сүру таңдауы 100 рет қайталанса, сонша рет травматолог-дәрігер мамандығын таңдайтын едім. Адамның өміріне төнген қауіпті сейілтіп, жанын аман алып қалып, оның жұмылған көзінің қайта ашылып, жүрегінің қалыпты соққанын көргеннен асқан бақыт жоқ. Әртүрлі жағдай болады. Бірақ күрсінбей ұйықтаған сәттерім мен үшін бақытты күндерімнің есебінде. Бір ұл, бір қызым бар. Екеуіне де "дәрігер боласыңдар" деймін, бұл мамандықтың адамзат үшін өте қажет екенін көріп жүрмін.  Сырқаттар алдындағы жауапкершілігім мен тәжірибемді өзіммен бірге ала кетпеуім керек. Аталмыш мамандықты таңдайтындар өте аз. Ал онсыз  талай адам зардап шегуі мүмкін. Қазірдің өзінде екеуін де ауруханаға алып келіп, жұмысқа араластырамын. Жөні келсе ота жасау процесін де көрсетемін. Ақырындап, мойындап келеді. 
– Алдағы мақсаттарыңызбен бөліссеңіз? 
– Кітап жазып жүрмін. Сынық пен буынды емдеудің алгоритмін қалыптастырмақпын. Аурухана жанынан кеңес беретін, аппараттарға түсіретін жаңа блок салдыру  үшін жобалау-сметалық құжатын жасатып жатырмыз. Алдағы жылдары салынғаннан бері, яғни 48 жыл бойы жөндеу көрмеген ауруханаға күрделі жөндеу жүргіземіз. Аурухана медициналық құрал-жабдықпен 93 пайыз жабдықталған. Тағы да алатын жабдықтар бар. Дәрігерлердің пациенттермен жұмыс жүргізу мәдениетін қалыптастыру да  – парыз. Қазір көп адамдар өзінің жанын түсінетін адамды іздейді. Дәрігерлерден соны күтеді. Жылы сөйлесіп, өзіне назар аударғанды қалайды. Содан күш алады. Соны түсінуіміз керек.

Гүлжан ТҰРСЫН