ӨМІР МЕН ӨНЕР ЕГІЗДЕЙ

Уақыты: 20.06.2022
Оқылды: 1353
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Қарасай аудандық Мәдениет үйінің  филалы Шамалған ауылдық Мәдениет үйінің ұйымдастыруымен, медицина қызметкерлері күніне орай “Екі жұлдыз” байқауы болып өтті. Аталған байқауға медицина саласының қызметкерлері мен кәсіби әншілер жұп болып қатысты.  

Көрермендері көп болған мерекелік шара «LANA dance» би тобының би шашуымен ашылып, алғашқы болып сөз алған Шамалған ауылдық округінің әкімі Ержас Тоқтасынов ақ желеңді абзал жанжарды  төл мерекемен құттықтады. Ержас Серғазыұлы сонымен бірге  ауылдағы  іс-шараларды жоғары деңгейде ұйымдастырып, халықты өнерге баулып жүрген мәдениет үйінің директоры Шарбану Қалиева да алғысын білдірді.

Табиғи дауыста шырқалар әндер мен өнердің додасы үш кезеңмен өткізілді. Алғашқы кезеңде Қазақстан Республикасының Рәміздеріне 30 жыл толуына орай патриоттық әндер шырқалса, келесі екі кезеңде ретро әндер мен заманауи шығармалар орындалды. «Екі жұлдыз-2022» ән байқауында өнер мен мәдениеттің, руханияттың  дамуына өз үлестерін  қосып жүрген мәдениет үйінің қызметкерлері мен пандемия уақытында сіз бен біздің өмірімізге арашашы болған медицина қызметкерлері бар өнерлерін түрлі бимен, қойылымдармен көркемдеп, жоғары деңгейде өнер көрсетті.

Қарасай аудандық мәдениет үйінің «Замандастар» вокалды-аспапты ансаблінің жетекшісі Нұрлан Ташев пен Шамалған ауылдық көпсалалы ауруханасының дәрігер-психологі Рая Шалдибекова жұптасып, алғашқы патриоттық әнімен кешті бастап берді. Мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Айсұлу Ернауан мен балалар дәрігері Әсем Мақұлбаева , мәдениет үйінің әншісі Нұрлан Қасымов пен жалпы тәжірибедегі дәрігер Гүлбану Баймұрзаева, мәдениет үйінің әдіскері, әнші Аягөз Ахметова мен балалар бөлімінің мейірбикесі Гүлдана Даулбаева, Береке ауылдық мәдениет үйінің музыкалық жетекшісі Қонақбй Жалмаханов пен медбике Мағрипа Ақылтайлар жұптасып  ән салды.

Байқаудың қатысушыларына дәстүрлі әнші Гүлжайна Ғибатоллақызы, Қарасай аудандық жастар ресурстық орталығының жетекшісі Айжан Балажанова, Қарасай аудандық Мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Мақсат Жарылқасын төрелік етіп, әділ бағаларын берді. Шара барысында Шамалған ауылдық көпсалалы ауруханасының бас дәрігері Ерлан Серіков  әріптестерін кәсіби мерекелерімен  құттықтап,  кешті әнмен әрледі. Сегіз қырлы бір сырлы өнерлі жұптар жанды дауыста жоғары деңгейде өнер көрсетіп, жиылған жұртшылық  бірінен-бірі озған қызықты әндер мен қойылымдардың куәсі болды.

Байқау соңында Бас жүлдені Нұрлан Қасымов пен Гүлбану Баймұрзаева, бірінші  орынды Нұрлан Ташев пен Рая Шалдибекова, екінші  орынды Қонақбай Жалмаханов пен Мағрипа Ақылтай, үшінші бәйгені  Аягөз Ахметова мен Гүлдана Дауылбаева және Айсұлу  Ернауан мен Әсем  Мақұлбаева қанжығаларына байлады. Шамалған ауылдық Мәдениет үйі мен ауылдық аурухана қызметкерлері қатысқан байқауда барлық өнерпаздарға дипломдар мен сыйлықтар табыс етілді. Көрерменнің ыстық ықыласына бөленген өнерпаздардың құшақтары  гүл шоқтарына көмілген.

“Ән айтсаң да жаныңды жеп айтасың” демекші, сахнаға алғаш шыққан медицина қызметкерлері өнердің қыр сырына қанық болып , өздерін бір сәтке болсада нағыз  жұлдыздардай сезініп, өнер жолының өзіндік қиындықтары мен қызықтарына куә болды. “Екі жұлдыз 2022” кешін жүргізген әнші Елемес Нұрсұлтан тамашаға жиналған көрерменге жанды дауыста ән шырқаса, биші Илана Сакенқызы би билеп, кештің сәнін келтірді. Сонымен қатар ауылдың өнерпаз жастарынан Жүнісбек Алибектің гитарамен шырқаған әні де көптің қошеметіне ие болды.

Қуат Қайранбаев
Шамалған ауылы.
Қарасай ауданы.