Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

ЖЕТІСУ ОБЛЫСТЫҚ ПЕРЗЕНТХАНАСЫНА ЖАҢА АППАРАТ ОРНАТЫЛДЫ

Уақыты: 30.07.2022
Оқылды: 969
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Талдықорғандағы облыстық перинаталдық орталыққа гипотермия аппараты мен электр энцефало графия мониторы берілді. Биылғы жылы «Samruk-Kazyna Trust» қоры өз демеушілігімен гипотермияның аппараттық кешендерімен бес нысанды жабдықтауды жоспарласа, Талдықорғандағы орталық соның алғашқысы болып отыр, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Мамандардың айтуынша, аппараттар Жетісу облысында жаңа туған сәбилердің өмірі мен денсаулығын сақтап қалуға үлкен қолдау болмақ. Терапиялық гипотермияны нәресте өмірінің алғашқы сағаттарында қолданған тиімді. Бұл ми жасушаларының жұмысын қалпына келтіруге жағдай туғызады. Дәл температуралық әсер қан ағынын түзетуге және нәрестенің бас миының жасушалары мен зақымданған бөліктерінің қалпына келуін бақылауға мүмкіндік береді. Амплитудалық электрэнцефалография мониторы дәрігерлерге ем барысын қадағалап отыруға және тиімді түзетуге көмектеседі.

Орталық жыл сайын Талдықорған өңіріндегі аудан, қалалардан шамамен 6 мыңдай жүкті әйелді қабылдайды. Барлық күрделі жағдайларда сырқаттар осы мекемеге жіберіледі.

- Біз «Samruk-Kazyna Trust» қоры мен «AYALA» қорына көп рахмет айтамыз. Бірнеше жыл бойы гипотермия аппараты мен ЭЭГ мониторына қол жеткізе алмадық. Біздің дәрігерлер бұл құрылғымен қалай жұмыс істеу керектігін біледі. Жыл сайын біз осындай 250-ге жуық балаға қолда бар құралдармен күтім жасаймыз. Енді біздің мамандарға заманауи медициналық аппараттар көмектесетін болады. Бұл біздің облысымыздағы сәбилер өлім-жітімі көрсеткіштерін және туылғаннан асфиксиясы бар балалардың мүгедектік қаупін төмендететініне сенімдімін, - деп атап өтті Алматы облысы Перинаталдық орталығының директоры Қанат Жұмашев.

2017 жылы «AYALA» қоры Қазақстанда алғаш рет автоматты гипотермияны сынақтан өткізді. Талдықорғанның Перинаталдық орталығында «Басқарылатын гипотермия» жобасы шеңберінде қор берген тоғызыншы аппараттық кешен орнатылып отыр. 5 жыл ішінде гипотермия қондырғылары елімізде 210-нан астам баланың жанын сақтап қалған. 2022 жылдың қазан айының соңына дейін «Samruk-Kazyna Trust» демеушілік қолдауымен «AYALA» қайырымдылық қоры Орал, Өскемен, Ақтау және Шымкент қалаларының перинаталдық орталықтарында гипотермияның аппараттық кешендерін орнатуды жоспарлап отыр.

- Еліміздің болашағы үшін әрбір баланың өмірін сақтау маңызды. Биылғы жылы біз нәрестелер өлім-жітімінің деңгейі мен балалар реанимациясын алдыңғы қатарлы медициналық техникамен қамтамасыз ету мәселесі өткір тұрған 5 аймақ үшін жабдықтар сатып алуға қаржылай қолдау көрсеттік. Қазіргі заманғы аппараттар Талдықорған қаласының облыстық перинаталдық орталығының дәрігерлеріне балалар өмірін одан әрі сақтап қалуға көмектеседі деп үміттенеміз, - деп атап өтті «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының бас директоры Альфия Адиева.

"AYALA" ҚҚ президенті Айдан Сүлейменованың айтуынша, қор жұмысының басты мақсаты - бала өлімі мен мүгедектігін азайту ісінде мемлекетке жәрдемдесу. Бұл үшін қаражат жинау мен демеушілерді тарту арқылы қор балалар реанимациясын заманауи медициналық жабдықтармен қамтамасыз етеді және қазақстандық неонатолог дәрігерлердің біліктілігін арттыруға көмектеседі. «Өмір сыйлайық», «Басқарылатын гипотермия» жобалары мен басқа да бастамалар аясындағы жұмыс барысында қор жалпы сомасы 2 млрд теңгеге  қазақстандық 67 денсаулық сақтау мекемесіне 1100-ден астам реанимациялық медициналық жабдықтарды тапсырды. Осы жабдықтар мен дәрігерлер тегін курстарда біліктілігін арттыру кезінде алған білімдерінің арқасында Қазақстанда 200 мыңнан астам бала аман қалды.

Атап өтсек, Талдықорғандағы облыстық перинаталдық орталық 150 төсекке арналған, соның 10-ы Патология және шала туған нәрестелерді емдеу бөлімшесінде орналасқан. Онда 34 дәрігер мен 126 орта медицина қызметкер жұмыс істейді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"