БӘЙДІБЕК БИ АУЫЛЫНДА "ҚАМҚОРЛЫҚ" ОҢАЛТУ ОРТАЛЫҒЫ ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ

Уақыты: 05.08.2022
Оқылды: 2514
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Еңбекшіқазақ ауданының Бәйдібек би ауылында «Қамқорлық» оңалту орталығы ерекше күтімді қажет ететін балаларға есігін ашты.

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының қаржылай қолдауымен жасақталған әлеуметтік нысанның салтанатты ашылуына облыс әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов арнайы қатысып, орталық қызметкерлері мен ауыл тұрғындарын құттықтады.

– Бұл орталықта жыл сайын дамуы тежелген немесе ақау туындау қатері бар, 18 жасқа дейінгі жалпы саны 1200 бала бейімдеу және оңалту көмегін ала алады. Орталықтағы заманауи үлгідегі жабдықтар – диагностикалық аудиологиялық және мидың электро энцефалографиялық тексеруінен өткізуге мүмкіндік береді. Бала денінің сау болуы ата-ана мен қоғам үшін маңызды, – деді Батыржан Байжұманов.

«Самұрық-Қазына» ӘҚ экономика және жоспарлау департаментінің  директоры  Мират Өтеповтың айтуынша, аталған компаниялар тобының қолдауымен «Қамқорлық» жобасының алғашқы екі кезеңі аясында 2020 жылдан бері Қазақстанның барлық өңірінде инновациялық технологияларға негізделген тиімді кешенді оңалтуға жағдай жасалған. Ерекше балаларға арналған жобаға 3 млрд.теңгеден астам қаржы бағытталған. Ол алдағы уақыттарда осындай 13 орталық және аутизм мен басқа да ментальді бұзылулары бар балаларға арналған 8 орталық ашылатынын атап өтті.

Заманауи үлгіде жабдықталған орталықта оңалтушы дәрігерлер мен неврологтер, емдік денешынықтыру нұсқаушылары  мен   эрготерапевтер, сондай-ақ, психологтер мен логопедтер және дефектологтер бар, бас-аяғы 44 маман жұмыс істейді. Олардың дені елордаға барып арнайы курстардан өтіп, біліктіліктерін арттырған. Жұмыс кабинеттері де керекті құралдармен жабдықталған.

Бүгінгі күні 32 бала тәулік бойы ем алып жатса, күндізгі қабылдауға 50, учаскелік дәрігерлердің жолдамасымен 23 бала ем алуда. Олардың арасында Райымбек, Талғар, Ұйғыр, Кеген аудандары мен Қонаев, Талдықорған қалаларынан келген науқас балалар да бар. Оларға орталық мамандары жан-жақты ем-шаралар мен жаттығулар жасатып, денсаулықтарының оңалуына жәрдемдесуде, – дейді ЛФК инструкторы Жанар Баскенбаева.

Биылғы жылдың ақпан айынан бері жұмыс істеп жатқан орталықтың ерте араласу, яғни үш жасқа дейінгі бөлімінде 78 бүлдіршін ем қабылдаған. Мамандардың басты мақсаты – балалар ағзасында кездесетін кейбір мүгедектіктердің алдын алу. Сондықтан бала өмірінің алғашқы айларынан бастап оған білікті әрі жан-жақты көмек көрсету өте маңызды. Ал оңалту орталығында осы уақытқа дейін жалпы саны 380 бала ем қабылдаса, олардың ішінде  24 бала алғашқы қадамын жасап, ата-анасын қуантқан. Оңалтудан өткеннен кейін 133 бала өз бетінше жуынуды және тісін тазалауды үйренген. Сонымен қатар, 146 бала ата-анасының көмегінсіз киініп, 58 бала өз бетінше тамақтануға бейімделген. 

Мұнда науқас балалар 1 курс емді 21 күн алып, үш айдан соң қайта емделуіне болады. Бүгінде облыс бойынша осындай емге мұқтаж ерекше балалар саны  9 мыңға жуықтаса, оның 1208-і Еңбекшіқазақ ауданында тұрады.

Ұлбосын ИСАБЕК

Еңбекшіқазақ ауданы,

Алматы облысы