ТАЛҒАРДА ҚЫЗЫҚТЫ ФЕСТИВАЛЬ ӨТІП, ДӘРІГЕРЛЕР ТЕГІН ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТТІ

Уақыты: 23.09.2022
Оқылды: 1376
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Талғар қаласындағы «Жастар» стадионында «Денсаулық» фестивалі ұйымдастырылып, тұрғындар белсене қатысты.

Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін бұл фестивальдің берер пайдасы орасан зор. Фестиваль бағдарламасына сәйкес, спорттық ойындармен қатар барлық ниет білдірушілер үшін медициналық қызметтер (МӘМС мәртебесіне қарамастан) тегін қолжетімді болғанын атау орынды. Онда көпшілікке флюрография, акушер-гинеколог, онколог, маммолог, кардиолог, гастроэнтеролог, невропатолог, хирург дәрігерлер мен психолог мамандар қызмет көрсетті. Бұған қоса, қандағы глюкоза деңгейін, холестеринді, қан қысымын және сатурацияны өлшеу бойынша жедел диагностика жүргізілді.

Денсаулықты ешбір кезексіз, тегін тексертіп алудағы мұндай игі қадамдар қала тұрғындарының қызығушылығын арттырды.

Аталмыш фестивальге Талғар қаласы әкімінің орынбасары С.Матан, «AMANAT» партиясы Талғар аудандық партия филиалының атқарушы хатшысы С.Дүмшебаев, Талғар аудандық бұқаралық спортты дамыту орталығының директоры С.Қазболатов, аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Ә.Садыбеков қатысып, лебіздерін білдірді. Сондай-ақ, фестивальде бірнеше мектептің оқушылары би нөмірлерін ұсынды.

Одан кейінгі сәтте велосипедшілер, артынша, шаңғышылар шығып, жасыл түкті стадионда шеберліктерін паш етті. Ең бастысы, жас ерекшеліктеріне қарамастан барлық қатысушыларға арналған жарыстар ұйымдастырылып, қолкүрес, арқан тарту, гір тасын көтеру сынды спорт түрлерінен өзара бәсекелестік қыза түсті.

Қызықты фестивальге қатысқан қала тұрғындары шараны ұйымдастырушыларға ризашылық білдірді.

Ұлбосын ИСАБЕК

Талғар қаласы,

Алматы облысы