ОҚУШЫЛАР ДҰРЫС ТАМАҚТАНЫП ЖҮР МЕ? ТҰРАҚТЫ КОМИССИЯ ТАЛҒАР АУДАНЫНДА

Уақыты: 28.09.2022
Оқылды: 1470
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Мектеп жасындағы баланың дұрыс тамақтануы – денсаулық кепілі болмақ. Міне, осыны басты назарға алған Алматы облыстық мәслихатының тұрақты комиссиясы Талғар ауданында кезекті отырысын өткізді.

Бүгінде балаларды ыстық тамақпен қамту мәселесінде бірқатар сұрақтардың туындап жататыны, соған байланысты қадағалау жұмыстарын ширату қажеттігін арқау еткен алқалы жиында Алматы облысы білім басқармасының басшысы Салтанат Беспаева баяндама жасады.

Ол өз сөзінде Еңбекшіқазақ, Іле, Қарасай, Талғар аудандары мен Қонаев қаласы бойынша мектептердегі асхана жұмыстарының ұйымдастырылуын тарқатып өтті.

Оқушының бір күндік ыстық тамақпен қамтылу құны – 500 теңге көлемінде екен. Асхананы жалға алушының есебінен тегін тамақ ұйымдастырылатыны да тілге тиек болды.

Комиссия құрамындағы халық қалаулылары: «Бүгінгі қымбатшылықта 500 теңгелік тамақтың құнары бар ма? Асхана мәзірі өзгерді ме?» - деген орынды сауалдарын көлденең тартты. Сондай-ақ, тақырыптан тыс болса да мектептің жетіспеушілігі, салынған мектеп сапасының сын көтермейтіні, оқушыларды тасымалдаудағы олқылықтар жайлы да ойларын ортаға салды. Сондай-ақ, астың адал, табиғи таза болуы да маңызды. Осы орайда, Алматы облыстық эпидемиологиялық бақылау департаментінің Ауруханаішілік инфекцияларды бақылау бөлімінің басшысы Индира Күнбасова  тыңдалды.

Тамақтанумен байланысты соматикалық аурулар (анемия, гастрит және дуоденит, асқазанның функционалдық бұзылыстары, ас қорыту жүйесінің аурулары) алдыңғы жылдармен салыстырғанда өсуіне байланысты әлеуметтік статусына қарамастан бастауыш сынып оқушыларының барлығын ыстық тамақпен қамтамасыз етуді облыстық бюджет есебінен шешуді ұсынды.

Мектептердегі медициналық кабинеттердің алғашқы медико-санитариялық көмек ұйымдарына берілуіне орай, медициналық қызметкерлердің жұмыс күнінің ұзақтығы 2-ауысымдағы сабақ уақытымен сәйкес келмейтіні, соның салдарынан кешкі уақытта оқушылардың дәрігерлік  бақылаусыз қалатыны баяндалды.

Көшпелі отырыста есірткі қылмысына қатысты жайттар да қозғалды. Ағымдағы жылдың өткен мерзімінде Алматы облысы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлерімен есірткі заттарының синтетикалық түрлерінің заңсыз айналымына байланысты 28 құқықбұзушылық фактісі анықталған. Заңсыз айналымнан 25 килограмнан астам синтетикалық есірткі және психотроптық заттар мен прекусорлар алынған. Есірткі қылмысының жыл сайын артып келе жатқаны жан түршіктіреді.

– Есірткімен күрестің ең тиімді әдісі – оның алдын алу. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, жас  ұрпақтың есірткіге қарсы иммунитетін қалыптастыру мәселесінде профилактикалық жұмысты нығайту қажет. Нашақорлық – әлеуметтік-қоғамдық мәселе, онымен бірге күресуіміз керек, – деген баяндамашы Ерғалым Шаяхметұлы, есірткі заттарының жаңа синтетикалық түрлерін, психотроптық заттарды эксперттік зерттеу бойынша арнайы аппараттың жоқтығын, медициналық зертханалардың материалдық-техникалық сұрақтары шешілмегенін ашып айтты.

Көшпелі отырыс соңында халық қалаулылары Талғар қаласындағы №3 орта мектептің асхана жұмысымен танысып, орын алған кемшіліктерге ескертпе жасады.

Ұлбосын ИСАБЕК

Талғар ауданы,

Алматы облысы