ТАЛҒАРДА ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ҚАТЫСУЫМЕН ОҢАЛТУ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

Уақыты: 16.11.2022
Оқылды: 1248
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Күтімді қажетсінетін балаларға қамқорлық жасауды ұлғайту мақсатында Талғар қаласындағы «Аяла» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы жанынан 40 төсектік үш қабатты оңалту орталығы пайдалануға берілді.

Оңалту орталығының ашылуына Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев арнайы атбасын бұрып, онда қабылданған мүгедек балалармен, олардың ата-аналарымен тілдесті. Әлеуметтік қызметкерлердің жұмыс барысымен, орталықтың тыныс-тіршілігімен танысты. Өз кезегінде науқас балалардың ата-аналары сарайдай ғимараттың салынып, бала күтіміне, оның демалуына, дамуына, ойнауы мен уақытылы тамақтануына мемлекет тарапынан барлық жағдайдың жасалғандығына ризашылықтарын білдірді.

- Балалардың осы орталықтан оңалып кетуіне тілектеспіз. Ата-аналардың жүзін мұң шалмасын. Мұнда қызмет көрсетудің қиындығына мойымай, кемтар балаларға жүрек жылуын беріп жүрген абзал жандарға ризашылығымыз шексіз, – деген облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев оңалту орталығына әкімдік тарапынан қолұшын беріп, қолдау көрсетілетіндігін айтты.

Оңалту орталығының құрылысы 2020 жылы басталып, биыл пайдалануға берілді. Мың шаршы метрлік бұл оңалту орталығының бірінші және екінші қабатында медициналық-әлеуметтік және әлеуметтік-педагогикалық қызметкерлер орналасқан. Үшінші қабатта жатын бөлмелері бар.

– Бұл облыстағы ең үлкен оңалту орталығы, себебі бұл жерге облыстың барлық аудандарынан келіп, ем алуларына болады. Сондай-ақ балалардың ата-аналары бірге келіп, жатуына да мүмкіндіктер қарастырылған. Тамақпен қамтамасыз етілген. Бұрынғысы стационарлық үлгідегі орталық болған. Онда 3 пен 18 жас аралығындағы мүгедек балалар жатып, ем алатын. Ал оңалту орталығында балалар дәрігердің нұсқауы бойынша апталап, айлап ем алады. Сонымен бірге Талғар ауданының тұрғындары таңертең әкеп тастап, кешке алып қайтуына болады. Ондай балаларды тасымалдауға көлік те дайын, – дейді «Аяла» әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры Тимур Бақытұлы.

«Аяла» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында осы күні 177 адам еңбек етеді. Науқас балаларға медициналық-әлеуметтік, әлеуметтік-педагогикалық, әлеуметтік-психологиялық, құқықтық, тұрмыстық, мәдени іс-шаралар өткізетін жалпы саны 8 әлеуметтік қызмет түрі көрсетіледі. Орталыққа тірек қимылы бұзылған, дауна, аутизм сынды сирек кездесетін мүгедек балалар түседі. Талғар ауданында осындай әлеуметтік көмекті қажет ететін 600-ден астам бала бар екен. Орталық директорының айтуынша, ата-аналар балаларын көпшілікке көрсеткілері келмейді. Орталықтың мақсаты – осындай көмекке мұқтаж ата-аналардың алаңсыз жұмыс істеп, қоғамға араласуына септігін тигізу.

Ұлбосын ИСАБЕК

Талғар ауданы,

Алматы облысы