"АЛАКӨЛ АСЫЛ ЖЫЛҚЫНЫҢ" МАЛШЫЛАРЫ ДӘРІГЕРЛІК ТЕКСЕРУДЕН ӨТТІ

Уақыты: 04.01.2023
Оқылды: 2095
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Алакөл ауданының Арқарлы ауылдық округіне қарайтын Қарақұм өңірінде жылқы, түйе, қой қыстататын «Алакөл асыл жылқы» ЖШС-ның малшылары дәрігерлік тексеруден өтті. Шалғай өңірдегі тұрғындардың денсаулығын тексеріп, аурудың алдын алу мақсатында қыстауға Жетісу облыстық ауруханасының, Алакөл аудандық ауруханасының мамандары арнайы ат басын бұрды.

Шалғайдағы жұртшылықтың ахуалымен танысуға барған педиатр, терапевт, тіс дәрігері сынды мамандар өздерімен бірге ала барған ЭКГ, УЗИ сияқты құрал-жабдықтарымен қызмет көрсетті. Алакөл аудандық орталық ауруханасы Қабанбай ауылдық бөлімшесінің жоғары санатты дәрігері, отоларинголог Айша Рахимованың айтуынша, малшылардың арасында өздерінің ауру екенін білмейтін жандар болған. Олар, тіпті, қалай емделудің де жолын білмейді екен.
– Отит, гайморит секілді аурулардың белгілері анықталды. Оларға рентгеннен өтіп, стационарға жатып емделу қажеттігін ұсыныс ретінде айттық. Ауруды одан ары асқындырмау үшін емделудің жолын көрсетіп, ашық әңгімеге шақырдық. Тиісті нұсқаулықтарды жазып, аудандық ауруханаға жолдама бердік, – деген Айша Тәуірғалиқызы мұндай алдын алу шараларының тиімділігі орасан екеніне тоқталды. – Жалпы, адам бауырының ісігенін, іші суға толып кеткенін білмейді. Әдетте бауыр аурулары ешқандай белгісіз дами береді. Тек соңғы кезеңде ғана ауыратынын біледі. Ондай кезеңде ешқандай ем қонбайды. Олай болмас үшін малшылар толық тексеруден өтті. Бүгін сондай бір мысал кездесті. Сарыппен ауырған адамның аяқ-қолы қақсай береді. Сол кезде ауруды асқындырмай толық емдеп тастауға болады. Яғни, алдын ала емдеу шараларын жүргізу адамды мүгедектіктен сақтайды. Сондай-ақ, флюорография аппаратына түсіріп, туберкулез ауруын анықтадық.
Облыстық аурухана мамандарымен бірге мал қыстату орталығында тұратын 160 адамның денсаулығын тексеріп, ем алудың жолдарын көрсеткен Қабанбай ауылдық ауруханасынан келген тіс дәрігері Жанболат Асылбек, лаборант Зәуреш Рамазанова, медбикелер Айнұр Советханқызы, Айгүл Нұрғалиева көпшіліктің ықыласына бөленіп қайтты. Отбасымен мал баққан малшылардың әйел, бала-шағалары дәрігерлердің қызметіне дән риза.

Мәди АЛЖАНБАЙ,
Жетісу облысы