АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ТҰМАУ МЕН КОРОНАВИРУС ӨРШІП ТҰР. БАСПАСӨЗ МӘЖІЛІСІ

Уақыты: 11.01.2023
Оқылды: 1594
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Алматы облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен «Тұмау және ЖРВИ-дің эпидемиологиялық жағдайы» тақырыбында баспасөз мәслихаты өтті. Бұл туралы "Алатау арайы" газетінің тілшісі хабарлады.

Онда алғашқы болып сөз алған облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Сәулет Қапсаламова ЖРВИ-мен сырқаттанудың өсуі желтоқсан айында басталып, ең жоғары көрсеткіш қаңтар айында байқалатынын, бүкіл әлемде А(H1N1), А(H3N2) және В тұмауы вирустары белсенділігінің артып тұрғанын жеткізді.

- Соңғы аптада Алматы облысының медициналық ұйымдарына ЖРВИ-мен 8180 адам көмекке жүгінді. Оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалардың жиі сырқаттануы орын алып отыр. Олар жалпы науқастардың 58 пайызын құрайды. Тұмау көрсеткіші өткен жылдармен салыстырғанда әлдеқайда төмен, өйткені, адамдар пандемия кезінде алдын алу құралдарын, бетперделер мен қолғаптарды белсенді қолданды. Ол аурудың азаюына септігін тигізді. ЖРВИ, тұмаумен қатар коронавируспен сырқаттанушылар да бар. Бұл ауыр асқынулардың дамуына әкелуі мүмкін. Бүгінгі таңда зерттелген науқастардың 12%-да COVID-19 анықталды. Өкпе қабынуының 1556 жағдайы тіркелді. Тұмау және оның асқынулары 5 жасқа дейінгі балалар, қарттар, сондай-ақ, созылмалы аурулары бар және иммунитеті төмен адамдар үшін үлкен қауіп тудырады, – деді Сәуле Қапсаламова.

Келесі кезекте сөз алған Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы Асылзат Мұқатаева екпе алу ЖРВИ мен тұмаудан қорғанудың ең тиімді әдісі екенін атап өтіп, биыл ресейлік «Гриппол+» вакцинасы сатып алынғанын жеткізді.

- Вакцина құрамында қазіргі таңда кеңінен таралып жатқан өзекті штамдар бар. Бұл вакцинаны Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынып отыр. Ол облыс халқының кемінде 15%-ын қамтуға мүмкіндік береді, – деді Асылзат Мұқатаева.

Оның айтуынша, ЖРВИ және тұмауға қарсы кез келген екпе балалардың 6 айлығынан бастап салынады. Жүкті әйелдер бұл екпені 2, 3-триместрде алуына болады. Вакцина бірінші кезекте ауруды жұқтырып алу қаупі жоғары маман иелеріне жасалады. Бұл санатқа медициналық қызметкерлер, диспансерлік есепте тұрған балалар, балалар үйі мен қарттар үйіндегі қызмет алушылар кіреді.

Бүгінгі таңда Алматы облысында 178 132 адам вакциналанды, бұл алдын ала жоспардың 83,67%-ын құрайды.

Брифинг соңында журналистер сауалдарына жауап берген мамандар тұмау мен ЖРВИ-дің қауіптілігін де айта келіп, халықты дер кезінде медициналық көмекке жүгінуге шақырды.

Алма ЕСЕНБАЙ

Қонаев қаласы,

Алматы облысы