КӨКСУ АУДАНЫНДА ЕКІ ФЕЛЬДШЕРЛІК-АКУШЕРЛІК ПУНКТ АШЫЛДЫ

Уақыты: 16.01.2023
Оқылды: 1708
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Көксу ауданының Ақшатоған мен Еңбекшіқазақ ауылдарында жаңадан екі фельдшерлік-акушерлік пункт ашылды. Салтанатты шарада аудан әкімі Марлен Көлбаев сөз сөйлеп, көпшілікке жылы лебізін арнады.
– Құрметті Көксу ауданының тұрғындары, бүгін бізде қуанышты күн. Басты байлық – адам денінің саулығы. Осыған байланысты ауыл халқының алаңсыз ем қабылдап, денсаулығын нығайту мақсатында екі жаңа нысан пайдалануға берілуде. Өткен күзде бір блокты-модульді медициналық пункт ашылған. Мұндай игілікті істер алдағы уақытта да жалғасын таппақ. Осы ретте биыл облыс әкімінің қолдауымен 3 жаңа фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысы жоспарлануда. Сонымен бірге ауданда тағы   4 блокты-модульді медициналық пункт салу көзделіп отыр. Яғни, осы жылы өңірде барлығы 7 медициналық нысан ел игілігіне беріледі. Бұл медициналық қызмет көрсету сапасына да оң ықпалын тигізеді деп ойлаймыз, – деді Марлен Қапашұлы. 
Аудан әкімі, сондай-ақ, облыстық денсаулық сақтау басқармасы арқылы аудан тұрғындарына КТ аппараты сатып алынатынын, өңірде медициналық пункттердің құрал-жабдықтары жаңаланып, қолданысқа беріліп жатқанын сөз етті. Сонымен бірге соңғы екі айда аудандық ауруханаға білікті де білімді 14 жас дәрігердің жұмысқа қабылданып, бүгінде олар тұрғындарға медициналық көмек көрсетіп, халыққа қалтқысыз қызмет етіп жатқанын жеткізді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Арман Жансеңгіров те жүрекжарды ақжарма тілегін жеткізіп, көпшіліктің қуанышымен бөлісті. Ауыл тұрғындары да бір-бірін құттықтап, ізгі ниеттерін білдірді.
Бұдан соң салтанатты түрде жаңа ғимараттың лентасы қиылды. Жиналғандар мекемеге бас сұғып, ем қабылдауға ыңғайлы кең де жарық бөлмелерді аралап көрді. Күніне 20 адамды қабылдай алатын жаңа ғимарат заман талабына сай бой көтерген. Қажетті құрылғылармен де барынша қамтылған. Белгілі болғандай, екі құрылысқа республикалық қазынадан 240 миллион теңге көлемінде қаражат бөлінген. Енді 2 мың  тұрғынның сапалы медициналық қызмет алуға мүмкіндігі бар. 
– Ауыл үшін бұл ерекше қуаныш. Ешкім ауырмасын. Десек те, бас ауырып, балтыр сыздай қалса, бұл медициналық мекеменің атқаратын рөлі зор. Байқағанымыздай, дәрігерлер үшін барлық жағдай қарастырылыпты. Ауыл жұрты  атынан үлкен рахмет айтамын, – дейді Ақшатоған ауылының тұрғыны, көпбалалы ана Людмила Хайбулина. Мұндай жақсы тілекке басқа да ауыл тұрғындары қосылып, өздерінің алғысын жаудырды.  
Айта кетейік, аталған фельдшерлік-акушерлік пункттер Жетісу облыстық құрылыс басқармасының тапсырысымен жасалған. Жобалаушысы «Жетісу сәулет құрылысы» ЖШС, мердігер «Сем-Шоғы-Құрылыс-Сервис» ЖШС болып табылады.  

Айгүл БАЙБОСЫНОВА,
Көксу ауданы