ҚАТЕРЛІ ДЕРТКЕ ҚАРСЫ ТҰРҒАН

Уақыты: 26.02.2023
Оқылды: 2244
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Аласапыранға толы өмір жолында қатерлі дертке шалдығып, ауырудың тақсыретін тартып, тауқыметін мойнына ілген қаншама тағдыр бар?! Десе де, шолақ тайдың құйрығындай шолтаң еткен бес күн жалғанда сынаққа сынбай, қилы тағдырдың қиындығына қайыспай қарсы тұрғандар жетерлік. Солардың бірі – «Шапалақ» жайдарман командасының капитаны Орынбасар Серікбай.

Осыдан бір жыл бұрын дәрігерлер Орынбасарға «оң жақ мұрын қуысының қатерлі ісігі» деген диагноз қойған еді.  Онкологиялық ауру тез асқынады. Сондықтан оған Оңтүстік Кореяда ота жасалды. Бірақ бұл мұрын ауруы осыдан 4-5 жыл бұрын басталыпты. Кейіпкеріміз мектепте оқып жүргенде дәрігерлер оған мұрын қуысың қабынған деп, «гайморит» деген диагноз қойыпты.

Арада 4-5 жыл өткен соң Орынбасардың басы солқылдап, мұрны ауыра бастайды. Ауру күшейген соң ауруханаға барып қаралады. Ақ халатты абзал жандар толық тексеріп, оған гаймориттің жоқ екенін, тек мұрын сынғаннан бас ауыратынын айтады. Сөйтіп, Талдықорған қаласында ота жасатады. Ота сәтті өтеді. Кейіпкеріміздің 3 айдай мұрны ашылып, басы ауырғаны қояды. Бірақ, кейін ауруы қайта қозады. Ауруы жанына батқан соң жайдарманшы тағы да қаралып, тексерістен өтеді. Бұл жолы дәрігер мұрнның ішіне кішкене ет өскен, кесіп берейік депті. Бірақ, кейіпкеріміз үш ай сайын қаралып жүремін ба деп Алматы қаласындағы ақылы емханаға баруға бел буады.  

Ақылы емханаға 2021 жылдың желтоқсан айында жазылғанымен, елімізді дүрбелеңге салған Қаңтар оқиғасы болғандықтан Алматыға баруға 2022 жылы бірақ жолы түседі. Бір айда Орынбасардың ауруы асқынып, мұрны ісіп кетеді. Алматыдағы дәрігерлер шұғыл ота жасату керек деп 5-хирургияға жолдама жазып береді. Ондағы дәрігерлер сенде қатерлі дерт болуы мүмкін деп онкологиялық ауруханаға жолдайды. Онкологиялық ауруханаға барып, рентгенге түсіп, мұрнының етін кесіп, тексерістен өтеді. Тексеріс ұзақ уақытқа созылып, жауабы ақпан айының 25 күні бірақ келеді.

 – Ақпанның 25-жұлдызы. Үйде ұлымның туған күнін атап өттік. Туған-туыстарымды жинап, кішігірім дастарған жайдық. Кенет ұялы телефоныма хат келді. Ашып қарасам, онкологиялық дертке шалдыққаным жайлы жазылыпты. Төбемнен жай түскендей болады. Өңешіме өксік тығылып, жанарыма жас жиналса да баламның туған күнін бұзбайын деп, ағайын-туысқа білдірмей отыра бердім. 2015 жылы маған ауыр ота жасалғанда әкем қатты уайымдаған. Осы жолы анам ауырып қалама деп қатты қиналдым. Балам әкесіз қалай өседі деп те қатты ойладым. Бірақ, әйелімнің жүрегі сезді. Кейін бәріне айтып, дәрігерді шақырттық. Олар шұғыл ота жасау керектігін айтты. Жұмыстағы досыма хабарласып, мән-жайды түсіндірдім. Ол өзінің жездесі тура осылай ауырғанын айтып, әпкесінен кеңес сұрашы деп нөмірін берді.  Ол кісі Кореяда емдел деп ұсыныс айтты, – дейді кейіпкеріміз.

Орынбасар ауыр дерттен қағажу көріп, қалжыраса да жүректі жаншыған мұңымен, басына салған тағдырдың қиындығына төтеп беремін деп серт береді. Сөйтіп, Кореяға ауруханаға хабарласады. Ондағылар 20 млн. қаржы сұрайды.  Дана халқымыз: «Жақсы дос жан азығы», – деп текке айтпаса керек. Орынбасардың Мадияр есімді досы дереу қор ашып, ақша жинай бастайды.

Көп түкірсе көл емес пе?! Қаржы шамамен екі аптада жиналады. Сөйтіп, Орынбасар Кореяға аттанады. Шетелдік білікті дәрігерлер қайта тексеріп, «лимфома» деген диагноз қояды. Сонымен қатар, олар бұл клеткадағы ауру болғандықтан ота жасау қиынға соғатынын, оған 90 млн. қаржы кететінін айтады.

– Осы кезде салым суға кеткендей болды. Тағдырдың жазуы осы шығар. Мұндай қаржыны таба алмаймын ғой, не де болса ауылға қайтайын деп Мадиярға хабарластым. Досым кішкене күте тұршы, ел бар, жұрт бар жиналады. Күтейік, әрекет етейік деді. Сонымен, Кореяда қалдым, – дейді Орынбасар.

Қазақ өзін қоя тұрып, өзгені ойлап, тағдыры қиын ағайынға қолда барын бөліп беретін дарқан мінезді, кеңпейілді ұлт емес пе?! Қайырымды жандардың арқасында 90 млн. қаржы да көп уақыт өтпей жиналады.

Осы кезде Орынбасардың көңілдегі күдік сейіліп, жүректегі жара жазылғандай болады. Отбасым үшін жазыламын деп, ұнжырғасын түсірмей, үміт мұнарасын тұрғызады. Ұзақ уақыт шетелде ем алады.

 – Химия алып, 2 апта өткен соң шаштарым түсе бастады. Басымды ұстасам, жарты шашым түсіп қалады. Сөйтіп, шаштаразға барып, басымды тақырлатып келдім. Ауылға бір барып келген соң, тағы химия алдым. Екі аптада шаштаразға барамын деп отырғанда ауырып қалдым. Сөйтіп жалғыз өзімді бір бөлмеге жатқызды. Ешкімге кіруге, шығуға болмайды. Сол кезде өз шашымды өзім алған кездер болды, – дейді ол.

Қазақтың қайсар баласы қаншама қиындықтан өтеді. 12 келіге дейін салмақ жоғалтады. Кореяға 56-57 келі болып барған азамат, қайтарда 46 келі болып қайтады. Негізі Орынбасар шетелден ақпан айында қайту керек болған. Бірақ, ауа райының жақпауына байланысты, елге өткен жылдың қазан айында оралады. Кореяның профессорлары жайдарманшының ендігі жағдайын диагноз арқылы тексереді.

– Отбасымның, достарының қолдауының, өмірге деген құштарлығымның арқасында барлық қиындықты еңсердім. Маған қолдау білдірген барша жанға алғысымды білдіремін, – дейді кейіпкер.

Қатерлі дертке шалдықса да Орынбасар күңгірт ойды көңілге қорек еткен жоқ. Керісінше тағдырдың басына салған қиындықтарына қарсы жүрді. Оның ерлігі көпке үлгі. Кейіпкерімізге зор денсаулық тілейміз. Оның аурудан құлан-таза айығып, қатарға қосылатынына еш күмәнданбаймыз.

 

Айдар ҚАЛИЕВ