ҚАТЕРЛІ ІСІК ЖЫЛ САЙЫН ОН МЫҢДАҒАН ҚАЗАҚСТАНДЫҚТЫҢ ӨМІРІН ҚИЯДЫ

Уақыты: 02.03.2023
Оқылды: 2270
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Кезекті өткен үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният республикада онкологиялық аурулары бар 205 мыңнан астам пациенттің динамикалық бақылауда тұрғанын, жыл сайын 37 мыңнан астам жаңа жағдай анықталатынын жеткізді. 

Еліміздегі аталған сырқат түрінің кең етек жаюына байланысты алдағы уақытта Алматы қаласында, Атырау, Алматы, Ұлытау, Жетісу және Ақтөбе облыстарында жаңа онкологиялық орталықтардың құрылысы басталмақ. Астанада протонды терапиямен жабдықталған Ұлттық ғылыми орталықтың ашылуы да межеленген.

Сондай-ақ, ісікке қарсы жаңа дәрілік заттарға қолжетімділікті арттыру, онкологиялық пациенттер үшін мобильді бригадалар желісін кеңейту, ғылымның тиісті бағыттарын және жалпыкадрлық әлеуетті дамыту жөніндегі шаралар көзделген.

Қатерлі ісік жыл сайын 13 мыңнан астам қазақстандықтың өмірін қияды. Бір өкініштісі, онкологиялық аурулармен ауыратын науқастардың жартысынан көбі еңбекке жарамды жастар.
Отырыста Астана қаласының бас онкологы, «Қазақстанның Еңбек Ері» атағының иегері Мұхтар Төлеутаев та өз ұсынысын білдірді.  
Сондай-ақ, онкологиялық медициналық көмекті одан әрі жетілдіру мақсатында онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі 2023 – 2025 жылдарға арналған кешенді жоспар әзірленгені айтылды.

Оның шеңберінде онкологиялық скринингтік бағдарламаларды кеңейту, папиллома вирусына қарсы вакциналауды енгізу,  барлық аймақтағы онкологиялық орталықтарды жөндеу, сондай-ақ олардың диагностикалық жабдықтарын жаңғырту жоспарланып отырғаны белгілі болды.

Фото: ult.kz

 

"ЖЕТІСУ" АҚПАРАТ