ЖАНЫ НӘЗІК, ІСІ БАТЫЛ

Уақыты: 08.03.2023
Оқылды: 1544
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Елдің үрейін тудырып,  шығынға ұшыратқан  қаңтар оқиғасы санада әлі де талай жаңғырары сөзсіз. 

Сол қиын шақта халыққа қалтқысыз көмек көрсеткен мекеменің бірі  –  «Жедел жәрдем» қызметі. Көпшілікке қауіп төнген шақта медицина мамандары антына берік болды.  
Халыққа қорған деген кейбір  құзырлы орган қызметкерлері жауапкершіліктен жалтарып, орындарын тастап кеткен шақта денсаулық сақтаушылар елдің жанынан табылды. Бұл күні  ауруханалар мен «Жедел жәрдем» көліктеріне  шабуыл жасаушылар болғаны баршаға мәлім. Бірақ, олар жаралы жанға көмек көрсетуден бас тартпады.  
Эльмира Насырова Талдықорғандағы «Жедел жәрдем» стансысының фельдшері. Дәл сол күні кезекшілікте еді.  Қала бір демде соғыс алаңына айналып кеткендей. Кенеттен болған жағдай ойлануға мұрша бермеді.  Тек  алаңға жиналушылар мен көшені «жаулап» алушылардың қарқынынан қорықты. Қалада түсі суық адамдар қаптап кетті. Эльмира жүздері өрт сөндірердей болған әлгілерден сескенді. Мұның соңы жақсылыққа апармайтынын бажайлады. Қасында ер адам болмаса  адамдарға көмек көрсету қиын екенін сезді.  Содан  әріптесі Кабир Рафиковке қоңырау шалып, көмектесуін өтінді. Себебі, Кабир бұрынғы әскери қызметкер. Тәуекелшіл, шешімді тез шығарады. Эльмира ержүрек, қайтпас қайсар жігіттің  мұндай жауапты сәтте бұғып қалмайтынын білетін еді. Түйсігі алдамапты. Кабир шаһардың аласапыран болып жатқан жеріне тез жетті. Алаңда кеш бата дүрбелең басталып кетті. Бейбіт шерудің соңы бір-бірін соққыға жыға бастады. Жарақат алғандарға алғашқы медициналық көмек көрсетіп, жылдамдатып ауруханаға жеткізді. Іле-шала тағы да шақырту келді. Медициналық көлік орталық алаң мен аурухананың арасында бірнеше қайталай жүйткіді. Бір жағдай Эльмира мен Кабирдің жанында  өкініш қалдырды. Жас әскери жігітті көлікке жеткізгенде  кеш еді. 
Басына тиген соққы жігітті ес жидырмады. Шарасыздықтан Кабир мен Эльмираның жанарын жас жуды. Тағы бір  полицейге көмектесіп жатқанда бұзақылар келіп, құқық қорғаушыларға көмек көрсетпеңдер деген қоқан-лоқы көрсетті. Жас жігіт пен қыздың жауабы дайын еді. Олар медициналық мамандықты таңдағанда кез келген жерде, кез келген адамға көмек көрсетеміз деген ант берген. Сол антында тұратындарын айтты. Басбұзарлар «Жедел жәрдем» көлігін шайқап, қорқытпаққа әрекет етті.  Тез шешім шығарған денсаулық сақшылары ол жерден аулаққа әкетті.
Эльмираның  бұл салада істегеніне 10 жылдан асса да, мұндай сұмдықты алғаш көруі. Бірақ, мамандығына деген адалдығы қорқынышқа бой алдырмады. Мақсат – жарақат алғандарға көмек көрсету. Бұл күні сынаққа төтеп бермесе, ол өзін кінәлі сезінер еді. Эльмира бүгінде  «Жедел жәрдем» көлігімен халыққа медициналық көмек көрсетуде. Көшедегі еркін халықты көріп жаны жадырайды.  Халықтың бақытты шаққа жетуіне оның да қосқан  үлесі бар.

Гүлжан ТҰРСЫН