"Қазір күнделікті тұтынатын заттарымызда химиялық қоспалар  көп": Сала маманы инсульттің белгілерін айтты

Уақыты: 09.04.2023
Оқылды: 1423
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

«Диагноз» айдарының бүгінгі тақырыбын инсульт сырқатына арнамақшымыз. Бұл кесел көп  таралып барады. Облыста неврология бөлімшесі ғана болған. Ал қазір арнайы инсульт орталығы ашылды. Себебі, адамдардың бас ми қантамырының жарылып кетуі көбейген.  Қауіпті дертке  шалдыққандар бас қантамырының жарылып кетуіне байланысты тілі күрмеліп қалады. Кейде аяқ-қолдың қозғалуы қиындайды. Сондықтан инсульттан сақтану, күйзеліске түспеу, қан қысымын қалыпты ұстау, емделу жайлы білгеніңіз жөн. Бұл жайлы облыстық инсульт орталығының дәрігері Ақмаржан Тәшімова  кеңінен  әңгімелеп берді. 

– Ақмаржан Ерболатқызы,  инсульт сырқатына түсініктеме бере кетіңізші. Қаупі неде?

– Инсульт – мидың қан айналымының жедел бұзылуының салдарынан болатын сырқат. Бұл – мидың қантамырлары бітелгенде немесе жарылғанда орын алады. Инсульт екі негізгі түрге бөлінеді: ишемиялық және геморрагиялық. Көбінесе  ишемиялық (80% -дан астам жағдай) түрі кездеседі. Ол ми қантамырларының тарылуы мен бітелуіне байланысты пайда болады.   Геморрагиялық инсульт тамырдың жарылуы немесе оның қабырғасының жұқаруы салдарынан орын алады. Геморрагиялық инсульт  өте тез, бірнеше минут ішінде меңдейді.  

– Инсульт алып қалыпты дегенді жиі еститін болдық. Оның себебі не? Одан қалай сақтануға болады? Үй жағдайында қандай алғашқы көмек көрсетілуі тиіс? 

– Инсульт – белгілі бір аурудың асқынған түрі. Яғни,  артериялық гипертония, қант диабеті, жүрек-қан- тамырларының жіті және созылмалы жетіспеушілігі (немесе жүрек ырғағының дұрыс болмауы), атересклероз, ми қантамырларының аневризмасы, артық салмақ,  әйелдердің жүктілікке қарсы препараттарды ұзақ қабылдауы (яғни ол қанда эстроген деңгейінің өсуіне ықпал етеді). Қимыл-қозғалыстың аздығы, стрестік жағдай, шылым шегу, алкогольді шамадан тыс қолдану себеп болуы мүмкін.
Негізі инсульттан ешкім 100%-ға сақтана алмайды! Дегенмен де  қан қысымын күнделікті қадағалау, дұрыс тамақтану, таза ауада жаттығу жасау, серуендеу арқылы артық салмақ қосудан арылу керек. Көкөніс өнімдерін көбірек пайдалану, зиянды әдеттерден түбегейлі бас тартқан жөн. Тағы да айта кететін жайт, жыл сайын  скринингтен өткен жөн. Ол өз кезегінде қант диабеті, артериялық гипертонияны анықтауға көмектеседі. 

– Өмір болған соң ашулану, күйзеліске түсу, торығу, күйіну жағдайлары болып тұратыны рас.  Жүйке жүйені қалай сақтау керек? 

– Иә, адам болған соң әртүрлі жағдайға байланысты ренжіп, ашуланып жатамыз. Ашу, ыза, кектену – көңіл-күйді бұзады. Жүйке талшықтары өледі. Сондай-ақ, ағзамыздағы түрлі дерттің пайда болуына әсер етеді. Ең бастысы, күйінішті  іште сақтамаңыз. Шығарып тастауға тырысыңыз. Сүйікті іспен айналысып, жақсы көретін музыканы тыңдаңыз. Сіздің  жан дүниеңізді түсінетін адамға жағдайды айтып, ішіңіздегі ренішті шығарыңыз. Есіңізде болсын, күйзеліске түскен жан дүниеміз, одан шығу жолын да таба алады. 

– Жастар да неврологиялық сырқаттарға шалдығып жатқанынан хабардармыз. Себебі не? Ақпараттың көптігі, ғаламторда ұзақ отыру, мидың демалмауы да әсер етіп жатқан жоқ па? Адам ұйқысыздыққа ұшырап, жаны жай таппай ашуланшақ бола бастағанда не істеу керек? Бүгінде емдеудің қандай тәсілдері бар?

– Қазіргі таңда ауру жас таңдамайды. Бұрынғы кездері инсульт, инфаркт, қант диабеті егде жастағы адамдарда кезіксе, қазіргі кезде ол балада да, жасөспірімде де кезігіп жатыр. Оның басты себебі – экология, біз тұтынып жатқан тағам, тез әзірленетін фастфуд, энергетик сусындарды шамадан тыс ішу, қимыл қозғалыстың аздығы да кері әсер етеді. Соның бәрі бірінші артық салмаққа, содан соң жүрек-қантамырларының кеселі, қант диабетіне әкеліп соғады. Ұйқы – адам ағзасы үшін өте маңызды функция. Адам ұйықтағанда  оның күні бойғы жинаған ақпараттарын ми саралап, ертеңгі күнге дайындалады. Ал терең ұйқы фазасында тоқ ішегіміз  тамақты қорытады. Өсу гормоны бөлінеді, оған қоса, ағзадан токсиндер шығып, тері жасарады. Түнде ұйықтағанда  мелотонин (ұйқы гормоны) бөлінеді. Бұл гормон біздің көңіл-күй, тәбет, ас қорытуға тікелей әсер етеді.  Ертеңгі күнге шыңдалып, күш-жігермен оянғыңыз келсе,  ұйқыға сағат 22.00 мен 23.00 аралығында жатқан дұрыс. Теледидар, телефонды ұйықтар   алдында пайдаланбаңыз.  Сондай-ақ,  жағымсыз  жаңалықтарды тыңдамаңыз.  Ұйықтаған кезде жарықты толығымен сөндіріп қойған дұрыс. Электр жарығы мелотонин гормонының бөлінуіне кедергі жасайды.

– Таза ауада серуендеу, жаның жақсы көретін істің миды демалдыратынын білеміз. Бірақ, кейде дәрі-дәрмек қабылдауға тура келеді. Зиянсыз, тәуелділік шақырмайтын қандай дәрі-дәрмекті  атайтын едіңіз?

– Тән мен жанның  саулығы үшін  салауатты өмір салтын ұстау маңызды.  Қазір күнделікті тұтынатын заттарымызда химиялық қоспалар  көп.  Ағзамыздың өз жұмысын  жақсы  атқаруы үшін қосымша дәрумен, миымыздың тыныштығы, жақсы қызмет атқаруы үшін шөптерден жасалған және тәуелділік шақырмайтын дәрі-дәрмектерді пайдалана отырып ағзамызға  көмек бере аламыз. Мысалы, күнделікті йод, «В» тобының кешенді дәрумендері, магний және шөптерден жасалған (мелисса, пустырник, боярышник) дәрілерін қабылдауға болады.

– Көктемгі, күзгі  депрессия жайлы айтсаңыз.

– Егер де адам күйзеліске жиі түсетін болса, ол өз кезегінде ағзамыздағы картизолдың деңгейін жоғарылатады. Ал картизолдың мөлшерден тыс түзілуі  жан дүние, көңіл-күйіңіздің бұзылысына ғана емес, ағзаның жұмысын да өзгеріске ұшыратады. Ас қорыту бұзылады. Өттің бөлінуі нашарлайды. Ойлау, есте сақтау қабілеті төмендейді. Ал көктем, күзде күйзелістің күшею себебі – ағзамыздағы дәрумендердің тапшылығынан орын алады. Егер де күйзелісті жеңгіңіз келсе – денсаулығыңызға көңіл бөліңіз. Бұл дегеніңіз,  өміріңіздегі қандай да бір сырқат, басыңыздан өтіп жатқан жағдайға ешкім кінәлі емес. Сондықтан жаныңызды күйзелтіп, әртүрлі ойға берілмеңіз. 

– Жалпы қан қысымының көтерілуі немесе түсуінің  себебі жайлы айтсаңыз? 

– Біріншіден, адамның  геніне байланысты болуы мүмкін. Егерде ата-анасында гипертония болса, ол тұқым қуалауға бейім келуі мүмкін. Бүйрек үсті безінің қызметі бұзылған  жағдайда да гипертензияға әкеп соғады. Қанның қоюлануы қантамыр бойымен қанның жүруін бұзып, қан қысымының көтерілуіне алып келеді. Артық салмақ та қан қысымының көтерілуінің себебі болады.  Ал  керісінше қан қысымының төмендеуі, яғни,  гипотония ол көбінесе жүкті әйелдерде төмендеуі мүмкін.  Себебі, жүктілік кезінде ағзаға екі есе күш түседі.  Ұзақ уақыт ашығу немесе шаршау кезінде де артериялық қан қысымы төмендейді. Анемияның қай түрі болсын қан қысымының  төмендеуінің себебі болуы мүмкін. 

– Облыс медицинасында неврологиялық сырқатқа шалдыққандарды емдеу  қалай жүргізіліп жатыр?  Жаңа тәсілдер, аппараттар жайлы айтсаңыз. 

– Ауруханамызда ми қан айналымының жіті бұзылуының емдеу бөлімшесі, яғни, инсульт бөлімінде 40 төсек бар. Неврология бөлімі 25 төсек орынға арналған. Қайта оңалту,  яғни,  реабилитация бөлімі жұмыс істеуде. Сонымен қатар, дәрігерлер санитарлық авиациямен жақын және шалғайдағы аудандарға  барып, науқастарды тексеріп,  кеңес беріп, қызмет атқаруда.  Былтырдан бері ауруханамызға жаңа ангиограф  аппараты қойылды. Онда нейрохируг дәрігерлер бас миының қантамырларының аневризмасына  эндвоскулярлы отасы, ми тамырларының эмболизациясы жүргізіле бастады. Біздің медицина инсульт, неврологиялық сырқаттарды емдеуге қауқарлы. Барлық мүмкіншілік жасалған. Оңалту орталықтары да бар.  Бірақ, «ауру кірді дегенше, әлек келді десеңші» дегендей,  ауырмаудың жолын іздеп, өзіңіздің жан мен тәніңізді барынша сақтаған жөн.

Сұхбаттасқан Гүлжан ТҰРСЫН