Коронавирус пандемиясының кесірінен туберкулезбен ауыратындар анықталмай отыр

Уақыты: 05.06.2023
Оқылды: 1057
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Туберкулез жұқпасы денсаулық сақтау саласындағы негізгі мәселелердің  бірі. Сырқатты емдеу бойынша оң нәтижеге қол жеткізгенмен оның дәріге төзімді түрімен сырқаттанушылар  саны өсіп отыр. Кеселдің асқынуының  себебі  дұрыс емдемеу және ем алуды уақытынан бұрын үзу.

АИТВ-мен (адамның иммунитет тапшылығы вирусы) өмір сүретін, нашақор және тұрмысы төмен  жандар сияқты  халықтың жекелеген топтарына медициналық көмек көрсету барысында  қиындық туындауда.    

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша коронавирус пандемиясының кесірінен туберкулезге шалдығушылар санының 35%-ы анықталмай отыр.  Олар ел арасында кеселді таратуға негіз болуда.  Бұл мәселе ағзасында туберкулезден кейін өзгерістер пайда болған және туберкулез инфекциясы бар адамдарға айрықша назар аударуды талап етеді.

Өкпе туберкулезі ауа тамшысы арқылы таралады. Яғни, туберкулезге шалдыққан адам қоғамдық ортада жөтелсе немесе түшкірсе жан-жағындағыларға жұқтыру қаупі артады.  Туберкулездің белсенді түріне шалдыққан адам уақытында емделмесе жылына 10-15 адамға жұқтырады. Ауруды жұқтырған сәттен бастап сырқаты белгілі болғанға дейін күш ала береді.  Кеселдің жалпы белгілеріне 2 аптадан астам жөтелу, дене қызуының көтерілуі, ентігу жатады. Сырқат адам көбінесе кешке жақын ентігеді. Бұдан басқа белгілеріне кеуде қуысының ауырсынуы, терлеу, әлсіздік және қан қақыру жатады. Жұқпаны флюорографиялық тексеру, МГӘ (молекулалық-генетикалық әдіс), қақырық жағындысының микроскопиясы, патологиялық материал өсіндісін зерттеу арқылы анықтайды.    

Туберкулез инфекциясын Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің № 214/ 2020 бұйрығының негізінде емдейді. Оны емдеуге дәрі, оның ішінде жаңа препараттар пайдаланылады. Туберкулездің сезімтал түрінде изониазид, рифампицин, пиразинамид, этамбутол препараттары тағайындалады. Туберкулездің дәріге төзімді түрінде бедаквалин, фторхинолон, левофлаксацин, моксифлаксацин, клофазамин, циклосерин, этамбутол, деламанид, пиразинамид, амикацин, карбапенемдер, протионамид, ПАСК беріледі. Кеселді емдеу аурудың түріне байланысты 6 – 18 ай орташа (1 жылға) созылады.

Мұның алдын алу: БЦЖ вакцинасы (туғаннан кейін 2-3 күнде жасалады) БЦЖ вакцинасымен қайтадан егілу (жоспарлы түрде 7 жаста өткізіледі). Жылына бір рет тұрақты флюорографиялық тексеруден өтіп тұру керек. Жеке бас гигиенасын және салауатты өмір салтын сақтау, дұрыс тамақтану, ішімдік пен шылым шегуден бас тарту да сырқаттанудың алдын алады. Сондай-ақ, емделуге негіз болады. Жалпы алғанда, адам ағзасына қатер төндіретін зиянды әрекеттерден аулақ болу керек. Дертке душар болған адаммен арадағы санитарлық және сақтық шараларын сақтаған жөн. Туберкулез неғұрлым ерте анықталса, емдеу нәтижесі соғұрлым нәтижелі болады.  Халқымыз айтқандай, «ауырып  ем іздегенше ауырмайтын жол іздейік».

Ғалия Тұрарбекқызы,  
ШЖҚ «Жетісу облысының  фтизиопульмонология
орталығы»  МКК-ның мейірбикесі

Фото: көрнекілік үшін