"Минуттар емес, секундтар адам өмірін сақтап қалуда": Бас дәрігер өз жұмысы жайлы айтты

Уақыты: 08.06.2023
Оқылды: 1237
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Медицина саласында Анарбек Монголханның есімі ерекше құрметпен аталады. Оның құпиясы –  халық алдындағы міндетіне деген адалдығы. Алтын қолды дәрігер  денсаулық сақтау саласының майталманы. 

Травматологиямен бірге медицинаның барлық саласын меңгерген. Басшылық қызметті де абыроймен атқарып келеді. Аяқ-қол буынын алмастырудың білікті маманы. Бүгінде Жетісу облыстық ауруханасының директоры. 

Облыс медицинасын дамытып, ғимараттарды жаңартуға, аурухананың медициналық құрал-жабдығын өзгертуде атқарып жатқан шаруасы да шаш етектен. Ол жергілікті денсаулық сақтау басқармасымен, облыста донорлық трансплантацияны дамыту арқылы, кезекте тұрған тұрғындар санын азайтуға барлық мүмкіндікті қарастыруда, яғни, бүйрек, өкпе, т.б.  ағза мүшелерін алмастыру саласын қолға алмақшы. 

Талдықорған қалалық мәслихатының депутаты ретінде әлеуметтік салаларға қаржы бөлдіру мен оның мақсатты жұмсалуын қадағалауда. Жетісу облысының бір жылдығы қарсаңында халыққа қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан, сұраныстағы маман бола тұра жайлы жер іздеп кетпеген Анарбек Монголханға жолығып, біраз сауал қойдық. Ағысы білінбейтін терең судай мақсаты биік азаматтың атқарып жатқан және атқарамын деп алға қойған шаруаларының көптігіне ризашылығымызды білдірдік.

– Анарбек Монголханұлы, сізді облысымыздың олжасы десек, артық айтқандық емес. Алматыдағы республикалық маңызы бар №4 аурухана директорының орынбасары қызметін тастап, Талдықорғанға қайта оралуыңыздың өзі шынымен де бізді қуантқанын жасырмаймыз. Дегенмен, Алматыдағы жылдарыңыз дәрігерлік жолындағы бір белес екені рас. Әңгімемізді осы өмір мектебінен алған дәрісіңізден бастасақ.

– Рас айтасыз. Талдықорған қалалық көпсалалы ауруханасында қызмет істеп жүрген жерімнен Алматыдағы травматологиялық орталыққа шақырғанда үлкен ортада өзімді сынап көруге бел байладым. Өйткені осы облыста 13 жыл қызмет істегенде бұл ортаға қатысты саланы әбден меңгергендей сезіндім, шәкірттер тәрбиеледім, тәжірибеммен бөлістім. Аталмыш ауруханада магистр, докторлық диссертациямды қорғадым. Сол үшін Аллаға, халқыма алғыс айтамын. Көңіл көкжиегім кеңіді, медицинаны жан-жақты меңгеруді қаладым. Дегенмен, бұл жер маған тарлық еткендей болды. Мегаполисте тәжірибемді шыңдайын деп ойладым. Алматы жан алысып, жан берісіп жататын орта. Республика көлемінде орын алған апаттарға, төтенше жағдайларға байланысты сан мәрте көмекке бардық. Дәл мен барған кезде республикамыздың біраз өңірінде төтенше жағдайлар орын алды. Минуттар емес, секундтар адам өмірін сақтап қалуда маңызды рөл атқарды. Апаттың салдарынан ауруханаға бір мезгілде жеткізілген адамға тездетіп диагноз қойып, 1 адамға бірнеше ота сол мезгілде жасауға тура келді. Айлап ауруханадан шықпай жұмыс істедік, әсіресе пандемия кезінде. Бұл – маған өмірлік мектеп болды. Политравма кезінде алғаш рет қабырғаларға ота жасауды еңгіздім. Осының арқасында қаншама науқасты қатарға қостық. Осындай тәжірибеден кейін басқа қиындықты тік тұрып қарсы ала беретін болдым, бірақ әлі үйренетінім аз емес. Травма орталығында істеген 2 жылда 10 жылға татитын тәжірибе жинағандай сезіндім. Басында директордың орынбасары едім. Біраз жұмыс істеген соң травматология орталығының директорлығы,  қызметінің Алматы қаласының штаттан тыс бас травматолог-ортопеді тізгінін ұстатты. Жұмыс істеп жатқаныммен орталықта шешілмеген мәселе көп екен. Орталықты жандандыру, Алматы қаласының травматизм медициналық жүйесін жақсарту мақсатында министрлікпен бірлесіп, талай шаруа жасадық. Оны түсінген травматолог-ортопед әріптестеріме де үлкен рахметімді айтамын. Уақытпен санаспай жұмыс істедік.

Мен травма орталығын басқарған кезең коронавирус індетінің өршіп тұрған шағы еді. Бірінші, екінші толқында көп дәрігерлеріміз жұқпаға шалдықты. Мамандарды бірінің орнына бірін ауыстырып жаттық. Шынын айту керек, бірталай медицина маманынан айырылып та қалдық. Осының барлығы мені күннен-күнге шыңдады. Орталықта жүргенде Жамбыл облысындағы жаппай төбелес пен Арыстағы жарылыстан зардап шеккендерді емдеуге тура келді. Осының бәрін көріп, жылдам шешім қабылдап, 1 қабат терімді сылып бергендей күш жұмсадым. Орталыққа келгеніме қуандым. Осылай болу керек, осындай сынақтан өтуім керек болған ғой деп түйдім. 

 – Алматыдағы жоғары деңгейлі, әлеуметтік жағдайды түзеуге мүмкіншілігі жоғары лауазымды қызметті тастап, облысқа келуіңізге не түрткі болды?

 – Талдықорған жұртының сырқаттанса мені іздеп, Алматыға келетіні көп аландатушы еді. Үлкендер: «Балам, осылай 2 қаланың ортасында жүре береміз бе, қайтсаңшы», – дейді. Ондайда: «Апа, ата, шыдаңыздар. Мен де шыңдалуым керек. Білім-білігімді көтерейін. Облыстан шақыртып жатса көрермін» дейтінмін. Содан облыстық әкімдіктен, денсаулық сақтау басқармасынан облыстық аурухананы басқаруға ұсыныс түсті. Ол кезде коронавирустың үшінші толқыны басталған еді. Оның үстіне орталықтан біраз нәрсе үйрендім, енді соны өзім қызмет бастаған қара шаңырақтың, сол маңдағы тұрғылықты халықтың игілігіне жұмсайын деп ұйғардым. Пандемияда ерлік көрсеткен ұжымыма қолдау да керек болды. Материалдық-техникалық жағдайын жасап, аурухананың бюджеті мен мамандардың білімін жоғарылату, әріптестерімнің әл-ауқатын жақсарту үшін жалақы жағы да басты мәселенің бірі. Аурухана имиджін көтеру, медициналық көмек сапасын одан ары дамыту мақсатымен қатар мекемеге күрделі жөндеуді де алдыма үлкен мақсат етіп қойдым. Қазіргі таңда жергілікті әкімдік пен денсаулық сақтау басқармасы басшыларының қолдауымен мекеме жұмысы жанданып келеді.

Облыстық аурухана ғимаратына күрделі жөндеу жұмысы жүргізілмеген. Қайта «сүйегі» мықты болған соң сыр бермей тұр. Мемлекет, жергілікті әкімдік тарапынан барлық қолдаулар көрсетуде. Ескісін күрделі жөндеуден өткізіп, аурухананың жоғары жағынан жаңа консультативті-диагностикалық ғимарат салуды жоспарлап отырмыз. Қазір жаңа ғимараттар салудың жобалық-сметалық құжаты аяқталып қалды.

– Анарбек Монголханұлы, өзіңіз басқаратын облыстық ауруханаға қондырғылар алу, ғимаратты жаңарту мәселесі қолға алынып жатқаны үлкен қуаныш, әрине. Жалпы қолдау мен орындалу жағына тереңірек тоқталсаңыз?

 – Облыс әкімі мен денсалулық сақтау басқармасының қолдауымен 2021 жылы 700 млн.-нан астам теңгеге 4 күрделі медициналық құрылғы, 2022 жылы 110 млн. теңгеге 5 медициналық құрылғы алып берді. Биыл да қолдау қарқынды жалғасуда. Заманауи аппараттар алып жатырмыз. Жаңа ғимараттар салудың жобалық-сметалық құжатында санитарлық эпидемиологиялық талаптарға сай дәлізде бірнеше дәретхана, палатада 2-3 адамнан артық жатқызбау, тікұшақ қонатын арнайы алаң жоспарлануда. Біздің аурухана Жетісу облысының денсаулық сақтау саласының басты нысаны. Бір қалада облыстық балалар ауруханасы, облыстық кардиология орталығы, облыстық перинаталды орталық, облыстық онкология орталығы, Талдықорған қалалық көпсалалы аурухана, т.б. денсаулық сақтау мекемелері жақын орналасқан. Санитарлық авиациямен жеткізілген сырқаттың денсаулығы тұрақсыз болса, бірден біздің реанимацияға кіргізіп, көмек көрсетіп, қалыпты жағдайдан соң мамандандырылған ауруханаға жеткізуге болады. Әйтпесе әуежайдан бері қарай 7-8 шақырымдай. Өзі қиналып келе жатқан науқасты «Жедел жәрдем» автокөлігімен жеткізу жағдайды қиындатып жатады.

 – Әлемде медицина саласы дамып барады. Бізде қандай мәселеге көңіл бөлу керек?

– Қазіргі медицинада донорлық трансплантация, нейроинтервенция, жоғары технологиялық медициналық көмекті дамытуымыз қажет. Біздің облыста да бүйрек, өкпе, бауыр сияқты ағзаларды алмастыруға кезекте тұрғандар көбейіп барады. Бұл әлем бойынша өзекті мәселе. Елімізде аса дамымай тұрған сала. Облыста транс- плантация реципиент, донор арқылы өзімізде кезекте тұрған науқастарға қолдау көрсеткіміз келеді. Нейроинтервенция мақсатын дамытып, миға қан құйылған науқастарға дер кезінде қол ұшын бере алатын жағдайға жеткізсек, біз үшін зор жеңіс болар еді. Бүгінгі таңда миға қан құйылуынан республикада, облысымызда зардап шеккен науқастар саны өсіп келеді. Алыс-жақын шетелдермен тәжірибе алмастыру мақсатында дәрігерлерді оқыту үшін облыс әкімі, денсаулық сақтау басқармасы тарапынан жоспарлар жасалып, қолдау көрсетілуде. 

– Қазір Талдықорған қалалық мәслихатының депутатысыз. Сайланғалы бері қандай шаруаларды қолға алдыңыз?

– Депутаттыққа ұсыныс түскенде екі ойлы болдым. Елдің алдына шыға беруге құмар емеспін. Одан да уақытымды медициналық көмек көрсетуге жұмсайын деп ойладым. Бәріміз басшы болуға құлшынсақ адамды кім емдейді? Қазір де ота жасаймын, науқастарға кеңес беремін. Депутаттыққа – медицина тарапынан мәселелерді шешуге ықпал етейін, бюджетті қарайтын, маңызды мәселелерді айтатын медициналық маман керек деген соң келістім. Шынында мәслихат жұмысында медицинаның жағдайын айтып, ұсыныс жасап отыратын дәрігер керек екен. Қазір қалалық мәслихатта медициналық сұрақтарды ақылдасып, шешімін табу жолдарын қарастырудамын. Бюджет қаржысы мақсатты, тиімді жұмсалуы тиіс. Әлеуметтік саланы талқылағанда ойымды айтып, қаражаттың күйіп тұрған мәселеге бөлінуін қалаймын. Бүгінде денсаулық сақтау саласының адам емдеуге барынша қолжетімді болуына күш салудамын. Медицина қолжетімді болу керек. Халықтың әл-ауқатын жақсарту басты мәселе. Осы тұрғыдағы мақсаттарымды іске асыруға білім-білігімді арнаймын. Ешкім өмірбақи тұрмайды. Бұл орайда облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Арман Жансеңгіров екеуміздің ойымыз бір жерден шығады. Ол да осы саланы басқаруға уақытында келген азаматтың бірі. Жаңашыл, еңбекқор. Мақсаттарымыз да бір. Халық үміт артып отырған соң қолымыздан келгеннің бәрін жасауға құлшынып отырмыз. Тек ісімізді Алла қолдасын деп тілейміз.

 – Аз уақытта көп мағлұмат берген тұшымды сұхбатыңызға рахмет! Жоспарыңыздың орындалуына біз де тілектеспіз.

Гүлжан ТҰРСЫН