АИТВ: АЛДЫН АЛУҒА БОЛАДЫ

Уақыты: 17.06.2024
Оқылды: 606
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Тіл сарайында «АИТВ және туберкулез бойынша мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде үкіметтік емес ұйымдарды тұрақты қаржыландыруды қамтамасыз ету» тақырыбында «дөңгелек үстел» өтті.


ҚР Денсаулық сақтау министрлігі санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің бас сарапшысы Айгүл Катренова, Жетісу облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Арман Жансеңгіров, өңірлік АИТВ инфекциясының алдын алу орталығының директоры Гаухария Уранкаева қатысқан басқосуда халықтың негізгі топтары үшін медициналық қызмет көрсетудің бойынша қазіргі жағдайына шолу жасалды. Сондай-ақ, туберкулез бойынша эпидемиологиялық жағдай сарапқа салынды. Шарада сөз алған Гаухария Қызырханқызы: 
– Бүгінгі жиынның мақсаты–   халықтың негізгі топтары арасында АИТВ инфекциясының алдын алу бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізу. Себебі, есірткі қолданатын, жағдайы төмен, сексуалды қызмет көрсететін, біржынысты қарым-қатынасқа түсетін және осы санаттарға жататын адамдар арасында профилактикалық іс жүргізу өте күрделі. Өйткені, бұл топтарды мемлекеттік органдардың тексеруге мүмкіндігі бола бермейді, – деп осы жұмыстарды жоғары деңгейде жүргізу, негізгі топтар арасында инфекцияның таралуын тоқтату үшін мемлекеттен қаржы бөліну керектігін айтты. 

ЖИТС – инфекциясы дүниежүзілік денсаулық сақтаудың негізгі мәселесінің бірі болып қала береді. Осы уақытқа дейін вирус 40 миллионнан астам адамның өмірін қиды және инфекцияның таралуы бүкіл әлемде жалғасуда. Бұл дертті толығымен емдеудің жолы жоқ. 

Алайда, алдын алудың, анықтаудың, емдеудің және күтімнің тиімді құралдарына қолжетімділік кеңейген сайын кесел бақыланатын созылмалы аурулар санатына өткен және АИТВ-ті жұқтырған адамдар ұзақ және сау өмір сүре алады. 

Мақпал ӘДІЛХАНҚЫЗЫ