Алакөл ауданындағы Қоңыр ауылының тұрғындарының көңілі шат. Олар жаңадан салынған блок-модульді медициналық нысанның ашылуын сән салтанатпен өткізді. Биыл ғана құрылысы аяқталған мекеме енді халықтың игілігі үшін жұмыс істейді.
Қоңыр ауылының тұрғындары бұған дейін ширек ғасыр бұрын салынған ескі ғимаратта қаралып, ем-домды сол жерден қабылдайтын. Тозығы жеткен нысанның орнына жаңа біреуі тұрғызылса деген көптің тілегі бұл күні қабыл болды. Енді аудан орталығынан 78 шақырым шалғай орналасқан елді мекеннің өз медициналық мекемесі бар. Ауылдағы халық саны 706 адамды құрайды.
– Біз бүгінгі күнге дейін шағын бөлмесі бар ескі ғимаратта дәрігердің қабылдауында болып келдік. Ол жерде жатып емделуге мүмкіншілік мүлдем болмады. Ал қазір заман талабына сай медпункт ашылып жатқанына ауылдықтар дән ризамыз. Әсіресе, зейнеткерлерге қолайлы болды. Ауылымыз көркейіп жатыр, – деді ауыл ақсақалы Байдолда Ермусин.
Салтанатты ашылу рәсімінде аудан әкімінің орынбасары Мәулен Төлеужанов ауыл тұрғындарын құттықтады. Медпункттің лентасы Еңбек ардагері Қанапия Тастанбековтың бата тілегімен қиылып, мекеме өз жұмысын бастады.
Айта кетейік, блок-модульді медициналық нысан Алакөл ауданы әкімі аппаратының тапсырысы негізінде мердігер «QazDamuConstruction» ЖШС 33 млн. теңгеге салды. Ғимараттың жалпы аумағы 103 шаршы метрді құрайды. Аталмыш ғимаратта 6 бөлме бар. Заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтылған. Бір мезетте 15 емделушіге алғашқы медициналық көмек көрсете алады. Тұрғындарға алғашқы медициналық-санитарлық көмек, екпе егу, скрининг, акушерлік және ЭКГ аппаратына жүрекқағысын тексеру, жедел және шұғыл медициналық көмек қызметтерін көрсетеді. Мекемеде штаттық бірлікке сәйкес 3 қызметкер қызмет етеді.
Былтырдан бері Алакөл ауданындағы елді мекендерде заманауи үлгідегі 1 фельдшерлік акушерлік пункт, 2 медициналық пункт, 3 блок-модульді кешен салынып, халық игілігіне берілген болатын. Жетісу облысында денсаулық сақтау саласындағы инфрақұрылымды дамыту мақсатында биылдың өзінде 94 нысан тұрғызылады, соның 59-ы «Ауылдық жерлердегі денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық жобасы шеңберінде жүзеге асырылды, сол қатарда дәрігерлік амбулатория, фельдшерлік-акушерлік пункт, медпункт бар. Бұл ретте нысандардың 27-сі блок-модульді.
Медет ЖҰМАБАЙ