«Талдықорған қаласындағы облыстық кардиологиялық орталық – Жетісу өңірінің ғана емес, Қазақстанның да алдыңғы қатарлы медициналық мекемелерінің бірі. Жыл басынан бері орталықта 3 мыңға жуық пациент білікті ем қабылдап, ота жасатқан. Мұнда жоғары технологиялы құрылғылардың көмегімен жүрек пен қан тамырларына күрделі оталар жасалады», – деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Мамандардың айтуынша, қан айналымы жүйесінің аурулары әлемде 1-ші орында тұр және бұл сырқат түрлері жылдам «жасаруда». Бұған дұрыс тамақтанбау, экология, физикалық белсенділіктің болмауы, жаман әдеттер және т.б. көптеген факторлар әсер етеді. Осыған байланысты облыстық кардиологиялық орталықта қан айналымы жүйесі аурулары бар науқастар саны жыл сайын артып отыр.
Кардиологиялық орталық директорының айтуынша, жыл сайын медициналық мекеменің клиникалық-диагностикалық бөлімшесіне қаралу, кеңес алу, УДЗ және басқа да тексерулер үшін 20 мыңнан астам пациент жүгінеді.
– Бізде МӘМС бойынша тегін негізде жыл сайын екі мыңға жуық коронарография отасы жүргізіледі, интервенциялық кардиологиялық бөлімшеде мыңдаған пациенттерге стенттер орнатылады. Сонымен қатар электрокардиостимуляторларды им-плантациялау бойынша 150-ден астам операция, 120-дан астам ИКД имплантациясы (кардиовертердефибрилятор), 50-ден астам күрделі қайта синхрондау құрылғыларын имплантациялау және жүрек ырғағын қалпына келтіру үшін 100-ге жуық ота, 400-ге жуық ашық жүрекке ота жасалады. Ашық жүрекке ота жасау – бұл коронарлық артерияларды, жүрек пен қолқа қақпақшасын ауыстыратын күрделі және жауапты процедура. Яғни, Талдықорғанда жүрек трансплантациясынан басқа барлық оталар жасалады. Бұл ретте біз жұмысқа резидентурада оқып, оқуын аяқтаған дәрігерлерді ғана қабылдаймыз, – дейді облыстық кардиологиялық орталықтың директоры Нұрсан Сурашев.
Осыған орай Жетісу тұрғындары барлық хирургиялық интервенциялық көмекті Талдықорғанда ала алады. Айта кетейік, соңғы жылдары орталыққа Қазақстанның басқа қалаларынан және таяу шетелдерден келетін пациенттер жиі жүгіне бастаған.
Гүлжан МҰҚАШҚЫЗЫ