ҰЛТ САУЛЫҒЫ БАСТЫ НАЗАРДА

Уақыты: 15.09.2024
Оқылды: 461
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Биылғы Жолдауында ел Президенті еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына әсер ететін нақты 9 бағдарды айқындап берді. Соның ішінде денсаулық сақтау саласына қатысты да орамды ой айтылып, нақты міндеттер жүктелді. Медицина саласының өкілі ретінде бұл мені бейжай қалдырмады.


Мәселен, ұлт саулығын нығайту үшін кешенді шараларды қолға алып, халықты әлеуметтік қолдау жүйесін жаңғырту керектігі айтылды.

«Биыл денсаулық сақтау саласына бюджеттен 3,3 триллион теңге қаржы бөлінді. Бірақ, оның нәтижесі әлі көрініп жатқан жоқ. Медициналық сақтандыру жүйесіне қатысушылар арасында міндеттердің дұрыс бөлінбеуі бұрмаланған ақпараттың көбеюіне әкеп соқтырды. Науқастарға мемлекет кепілдік берген қызметтерді ақылы негізде алуды немесе бірнеше ай бойы кезек күтуді ұсыну жайттары аз емес. Бұған жол беруге болмайды. Бюджеттің мүмкіндігі мен міндеттемесін ескере отырып, мемлекет кепілдік беретін медициналық көмектің бірыңғай базалық топтамасын жасау қажет. Ал одан асып кеткен шығынның бәрі сақтандыру жүйесі арқылы төленуге тиіс. Цифрландыру болмаса, мұндай ауқымды өзгерістерді сәтті жүзеге асыру мүмкін емес» деп атап өткен Мемлекет басшысы білікті медицина мамандарының тапшылығы әлі де өзекті екеніне тоқталды. Бұл мәселені шешу үшін, ең алдымен, медицина саласындағы білім сапасын барынша арттырып, соның ішінде грант құнын білім беру үдерістерінің деңгейіне қарай саралау арқылы белгілеп, тиімді тарату қажет.

Әлеуметтік тұрғыдан осал азаматтарға қолдау көрсету мақсатында Үкіметке алдағы жылдың басынан бастап «Әлеуметтік әмиян» жобасын жүзеге асыруды тапсырды. Оған қоса кәсіптік білім беруді реформалау қажеттігін айтып, келер жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялайтынын жеткізді. 
Жалпы Жолдауда көтерілген мәселелердің барлығы халықтың тұрмыс-тіршілігі, әлеуметтік-экономикалық дамуы, өмір сүру сапасын жақсарту үшін өте маңызды.

Екатерина РАЗЛИВАЛОВА,
Ескелді аудандық 
ауруханасының медбикесі