Туберкулез әлемде ең көп таралған жұқпалы инфекциялық ауру. Бұл дерт бүкіл әлемге аса қауіп төндіріп отыр. Сондықтан сау адам туберкулезді тек ауырғандардың мәселесі деп санамауы қажет.
Туберкулез жұқпасының ең қауіпті көзі тыныс алу жолдарының зақымдануы мен өкпе тінінің ыдырауы. Мұндай науқастар туберкулездің қоздырғыштарын жөтелген кезде, түшкіргенде, қатты сөйлегенде ұсақ бөлшектер түрінде сыртқы ортаға көптеп шығарады. Аурудың негізгі көзі туберкулездің ашық түрімен ауыратын науқас. Туберкулез баяу дамитын, ұзаққа созылатын ауру. Оны дер кезінде анықтап, дұрыс емдесе, басқа ағзалардың қабынуын сақтап қалуға болады.
Туберкулезге шалдыққан жануарлар да ауру таратушы болып саналады. Ол әсіресе ірі мүйізді мал арасында жиі кездеседі. Адамдар жұқпаны көп жағдайда малдардан сүт арқылы жұқтырады. Сондықтан сүтті шикі күйінде емес, тек қайнатып алып немесе пастерленгеннен кейін ғана ішу керек. Туберкулез бір ғана емес, қоғамда өмір сүріп жатқан барлық адамның мәселесі. Сондықтан оның өсуін және таралуын тоқтату үшін алдын алу шараларын жақсы меңгеріп, күнделікті өмірде сауатты қолданса ғана нәтиже береді.
Әрбір адам туберкулездің алғашқы белгілерін білуі керек. Бұл дертке шалдыққан адам әлсіз келеді. Екі аптадан артық ұзаққа созылған жөтел мазалайды. Жиі қақырық бөлінеді. Дене қызуы көтеріліп, қан құсып, алқынады. Тәбет бұзылып, салмақ тастап, жұмысқа деген қабілеті төмендейді. Осы келтірілген белгілерді байқасаңыз міндетті түрде дәрігерге көрініп, медициналық кеңес алуға асыққаныңыз жөн.
Туберкулезбен емделетін науқас емдеудің толық курсын уақытымен алса бұл дерттен құлан таза айығуына болады. Жылына 1 мәрте ретфлюорографиялық тексерісті міндетті түрде жасаған жөн. Егер әрбір адам туберкулез туралы жетік білсе және бұл тұрғыда өзінің білімін күнделікті қолданса, аталмыш дерттің өршуіне және таралуына тосқауыл қоюға болады.
Нүркен СМАҒҰЛ,
облыстық фтизиопульмонология орталығының эпидемиолог дәрігері