Талдықорғандағы «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында» қазыналы қарияларымыз тегін медициналық тексерістен өтті. Халықаралық қарттар күніне орай ұйымдастырылған шараға облыс әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев пен Диас Есдәулетов қатысты.
Шара барысында Марлен Қапашұлы:
– Елі үшін барын берген қазыналы қарттарымызды әрқашанда құрметтеп, үлгі-өнегесін жастар арасында ұлықтау – біздің басты парызымыз. Мереке қарсаңында сіздерге тегін медициналық көмек көрсетіледі. Тексеріс барысында емделу керек болса арнайы жолдама беріліп, емханаға барып қараласыздар. Игі шара аудан орталықтарында да өтуде, – деді.
Осыдан кейін Диас Рахметұлы ата салтын ұлықтаған қарияларымызды мерекемен құттықтап, ізгі тілегін білдірді.
Шараға келген 100-ден астам қария терапевт, невропатолог, окулист, травматолог сынды 15 дәрігерден тегін кеңес алып, тексерістен өтті. Ақ халатты абзал жандар зейнеткерлерді жиі мазалайтын холестерин, қант диабетіне анализдер алып, көздің қан қысымы мен жүректерін тексерді. Сондай-ақ, ұзақ емделуді қажет ететін қарияларға арнайы жолдама берілді. Ардагерлер заман талабына сай орталық ашып беріп, тегін медициналық көмек көрсетіп жатқан облыс басшылығы мен дәрігерлерге ризашылық білдіріп, ақжарма тілегін ақтарды.
– Зейнеткерлерге арналған керемет орталық ашып берген облыс басшылығына алғысымды білдіремін. Жасым 83-те болса да «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығына» келіп, спортпен шұғылданамын. Заман талабына сай орталықтан көңіліміз көтеріңкі қайтады. Бүгін невропатологқа қаралып, қалалық емханаға жолдама алдым, – деді Бәтима Байнамазова.
Айта кетейік, зейнеткерлік жастағы азаматтарға толыққанды және сапалы қызмет көрсету мақсатында ашылған орталыққа 700-ге жуық қария келеді екен. Олар йога, шахмат, вело-тренажер, жүгіру жолдары, үстел теннисі, дойбы, тоғызқұмалақ, тігін машиналары бар, жаттығу залына келіп тегін спортпен шұғылдана алады. Сонымен қатар, тіл меңгеруге мүмкіндік бар.
Айдар ҚАЛИЕВ