Вирустан сақтаныңыз!

Уақыты: 01.10.2024
Оқылды: 440
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Қазақстанда жатыр мойны обыры ең көп таралған аурулар тізімінде омырау рагынан кейінгі орында тұр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, 95 пайыз жағдайда жатыр мойны обыры адам папиллома вирусынан болады. Елде адам папиллома вирусына қарсы вакцина салу науқаны қайта басталмақ.

Адам папиллома вирусы – әлемдегі ең көп таралған вирус. Оның алуан түрі бар. Қазірге дейін зерттелген штамдарының өзі 200-ден асады. Ең қауіпті түрі – 16 және 18-типтегі вирус. Мұндай онкогенді вирустар жатыр мойны мен вульвада, ер адамның жыныс мүшесі мен шырышты қабаты бар басқа да органдарында обыр ауруын туғызады.

Адам папиллома вирусының тағы 10 түрі қауіпсіз ісік шақырады. Штамдардан сүйел, кондилома, респираторлық папилломатоза пайда болады.

Аталмыш вирус байланыс арқылы жұғады. Заттардың беткі қабатында ұзақ өмір сүре алмайды. Сондықтан көбіне жыныстық жолмен тарайды.

Адам папиллома вирусы әйелдерге өте қауіпті. Кейінгі 5 жылда Қазақстанда 2 948 әйел жатыр мойны обырынан көз жұмған. Денсаулық сақтау министрлігі ұсынған статистикаға сүйенсек, бұл көрсеткіш жылдан жылға артып барады. Кейінгі 5 жылда 148 әйел вульва мен қынап рагынан қайтыс болған.

Адам папиллома вирусының онкогенді түрлері ерлерге де зиян. 2018-2022 жылдары жыныс мүшесі мен анустағы рактан 95 ер адам көз жұмған. Кейінгі  5 жылда тіл, ауыз қуысы мен тамақ-өңеш рагынан 1000 науқас өлген.

Денсаулық сақтау минис­трлігінің мәліметінше, адам папиллома вирусына қарсы вакциналау мақсатты топқа жататын 11 жастағы қыздарға тегін болады. Вакциналау ерікті түрде ата-анасының немесе қамқоршысының жазбаша келісімі арқылы жүреді.

Мөлдір НҰРТАЗАЕВА,
Басши ауылдық ауруханасының жалпы тәжірибелік фельдшері
Кербұлақ ауданы
Фото: slovoidilo.ua