Онкологияға қарсы иммундаудан қашпаңыз­!

Уақыты: 13.10.2024
Оқылды: 469
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Жетісу облысында қатерлі ісік бойынша 7005 пациент  диспансерлік есепте  тұр.  Оның ішінде жатыр мойны обырымен 569 әйел тіркелген. Аталған ауруды ерте анықтау үшін скринингтік бағдарламалар жүргізілуде. Облыстық көпсалалы клиниканың директоры Мадияр Өмірбаевтің  айтуынша,  скринингтен өту жөніндегі нысаналы топқа 25 мыңнан астам әйел жатады.

– ­Адам папиллома вирусының алдын алудың дәлелденген және жалғыз әдісі– қыздарды 11 жастан бастап вакцинациялау. АПВ вакцинациясы әлемдегі ұлттық иммундау бағдарламасына енгізілген. ДДҰ 2030 жылға қарай 15 жасқа дейінгі қыздардың кем дегенде 90 пайызын вакцинациялауды ұсынады. Бұл әрекеттер 2045 жылға қарай жатыр мойны обырын 42% - ға азайтып, 2070 жылға 14 млн. өлімнің алдын алуы тиіс, – деді Мадияр Амангелдіұлы.

Қазіргі уақытта әлемнің 107 елі міндетті егу күнтізбесіне АПВ вакцинасын енгізген. ТМД елдерінде Армения, Грузия, Молдова, Түркіменстан, Қырғызстан және Өзбекстанда иммундауды жүргізбекші.

Жақында жатыр мойны обырының алдын алуға арналған американдық «Гардасил 4» препаратымен 11 жастан бастап қыздарды вакцинациялау басталады. Бұл  екпе жатыр мойны обырының  алдын алудың дәлелденген әдісі.

Г. Мұқашқызы
Фото: 
Freepik.com