Тұмауға қарсы екпе салғызыңыз

Уақыты: 26.10.2024
Оқылды: 673
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Тұмау және басқа да жұқпалы аурулар күз-қыс мезгілінде әркімге жұғуы мүмкін. Кейде бір маусымда бірнеше рет тұмау тиеді. Дүниежүзі бойынша әртүрлі жұқпалы сырқат тіркелген. Соның ішінде тұмау және басқа да жіті респираторлық вирустық жұқпа жылдам таралатындығымен ерекшеленеді. Тұмау кейде түрленеді. Яғни, әркім әртүрлі ауруы мүмкін.

 

Тұмау вирусы сыртқы ортада, әсіресе, халықтың көп жиналатын орындарында тез таралады. Сырқаттанған адамнан тұмау вирусы түшкіру және жөтелу арқылы жұғады. Тұмау түйіршіктері, сілекей ауада өзге де адамдарға жұғуы мүмкін.

Сырқаттанушылық қарашада басталып, қаңтар, ақпан айларында өршиді. 

Жұқпаның көзі – сырқаттанған адам. Вирус адамға жұққаннан кейін алғашқы 2-3 күнде айналасындағыларға қауіп төндіреді. Сондықтан тұмауға шалдыққан адам маска таққаны дұрыс. Ауру жіті басталып, клиникалық белгілері тез пайда болады. Алғашқы 24-36 сағаттың ішінде дене қызуы 39-40-қа жоғарылайды. Бас ауруы, бұлшықет пен буындардың ауруы, жөтел, мұрынның бітелуі, жиі тыныс алу, конъюнктивит, асқазан-ішек қызметінің бұзылыстары байқалады.

Тұмау жұқпасының алдын алудың ең тиімді шарасы – тұрғындарды иммундау. Жыл сайын жергілікті бюджеттен иммундауға жататын контингенттерді егуге арнайы қаржы бөлінеді. 2024 –2025 ж.ж. эпидемиялық кезеңге облыста 83 000 дана вакцина жергілікті бюджет есебінен сатылып алынды. Бұл облыстың жалпы халық санына шаққанда 12%-ды қамтиды. Облыс медицинасы халықты Ресей Федерациясында өндірілген «Гриппол +» тұмауға қарсы вакцинасымен иммундауда. Тұмауға қарсы иммундау міндетті түрде дәрігер тексеріп, рұқсат бергеннен кейін арнайы егу кабинетінде жүргізіледі. 

ДДҰ мәліметіне сүйенсек, алдағы эпидемиялық маусымда А(H1N1)pdm09, А(H3N2), тұмаудың В вирусы айналымда болады деген болжам бар.Тұмауға қарсы арнайы иммундаудан басқа жұқпаның арнайы емес алдын алу шараларын да естен шығармауымыз керек. Тұмаудың алдын алуда жекебас гигиенасын сақтаудың пайдасы мол. Қолды сабынмен жиі жуған жөн. Түшкіріп жөтелгенде ауызды немесе мұрынды бет орамалмен жабу керек. Мүмкіндігінше халық тығыз орналасқан және жаппай шаралар ұйымдастырған жерлерге бармағаны дұрыс. Сақтансаң, сақтайды. Денсаулықтарыңызды күтіңіздер. Жұқпа белгісі байқалысымен дәрігерге жүгініңіз. Сырқатты асқындырып алмаңыз. 

Бақытгүл Оңғарбекова,
Жетісу облысы СЭБД инфекциялық және паразиттік ауруларды 
эпидемиологиялық бақылау бөлімінің бас маманы
Фото: kamgov.ru