ХАЛЫҚ САУЛЫҒЫ – БӘРІНЕН ҚЫМБАТ

Уақыты: 15.11.2024
Оқылды: 564
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал ӘЛНАЗАРОВА Жетісу өңіріне жұмыс сапарымен келді. Еліміздің бас дәрігері жұмысын Талдықорған қаласында ашылған «АСАР» спорттық-оңалту кешенінен бастады.

Кәсіпкер Елдос Баялышбаев кешенді мемлекеттік «Жол картасы» бағдарламасы аясында 2017 жылы ашқан. Кешенде омыртқа жарақаты, инсульт, балалардың церебральді сал сырқатына ем жасалады.

Мүгедектіктің зардабын тартқан Елдос Баялышбаев еліміздегі Жапон елшілігінен грант ұтып, оңалтуға арналған алғашқы жаттығу залын ашып, жабдықтады. «АСАР» кешенінде  тірек-қимыл жүйесін емдейтін кинезотерапия, массаж, физиотерапия және логопед мамандары қызмет көрсетеді. Кәсіпкер биыл Жапон елшілігінен «Корни травы» грантын екінші мәрте жеңіп алды. Бұл қаржыға Испаниядан «Экзоскелет» құрылғы сатып алды. Аталған құрылғы арқылы бірнеше жыл орнынан тұрмай жатып қалған адамдар ем алуда. Қазіргі таңда бұл жерге еліміздің әр аумағынан емделушілер келуде. Министр Ақтау, Алматы қалаларынан келіп, ем алып жатқан азаматтармен сөйлесіп, үздіксіз жүргізіліп жатқан жұмыспен танысты.

Мекеменің материалдық-техникалық базасымен және жеке құрамымен танысқан министр спортшылардың сауығуына ғана емес, түрлі аурудан кейін оңалтуды қажет ететін қарапайым азаматтарға да көмек көрсететін мұндай инфрақұрылымның маңыздылығына тоқталды.

Мемлекет тарапынан көрсетілетін көмектің бәрін алдық. Болашақта кешен жанынан үлкен қонақүй салсақ деген жоспарымыз бар. Себебі ем алушылардың басым көпшілігі пәтер жалдап тұрады. Олардың қалтасына да салмақ түсуде. Мүмкіндігі шектеулі азаматтар емнің 4 немесе 5 кезеңін толық алу керек. Ал бізде портал бойынша тек 3 рет ем алуға құқылы. Сондықтан біз сізден ем алу курсын арттыруыңызды сұраймыз. Себебі аяққа тік тұру үшін үздіксіз жұмыс жүргізілуі тиіс, – деді Елдос Баяшылбаев.

ҚР Денсаулық министрі Ақмарал Әлназарова республика бойынша осындай мекемелерді одан әрі дамыту қажеттігін тілге тиек етті. Сонымен қатар, «Асар» сияқты орталықтарға қолдау көрсетуді жалғастырып, осындай спортты-оңалту, сауықтыру кешенінің жұмысын күшейту керектігін айтты. Кешеннің атқарған жұмысына ризашылығын білдіріп, алдағы уақытта мемлекет тарапынан барынша қолдау көрсетілетінін жеткізді.  

Еңлік Кенебай
Суретті түсірген Жұмабай Мұсабеков