ВЕТЕРИНАРИЯ МАМАНДАРЫ ТӘЖІРИБЕ АЛМАСТЫ

Уақыты: 22.11.2024
Оқылды: 471
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Талдықорған аграрлық-технологиялық колледжінің 80 жылдығын мерекелеу аясында мекеме қабырғасында «Ветеринария саласындағы проблемаларды шешудің инновациялық тәсілдері» атты ғылыми конференция өтті. Оған білім басқармасының басшылары Марат Сүлейменов, әдістемелік орталықтан Ғалия Мұхметова, ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Дархан Әбілбаев, сондай-ақ, Алматыдан келген профессор Мардан Джуланов, аграрлық технологиялар жөніндегі маман Абзал Махмұтов және ТжКБ мекемелерінің ветеринариялық пәндер оқытушылары қатысты.


Жиында ветеринариялық диагностикаға цифрлық технологияларды енгізу, мамандарды даярлау деңгейін арттыру, биоэтика және жануарларға адамгершілікпен қарау, жұқпалы аурулардың алдын алу, оларға қарсы күрес мәселелері талқыланды.

Конференция аясында сөз алған Марат Сүлейменов жоғары білікті мамандарды даярлау үшін ғылым мен білім беруді интеграциялау маңызды қадам болып табылатынын атап өтті.

– Ветеринарияның болашағы ғылыми қоғамдастықтың, оқу орындары мен практиктердің өзара іс-қимылына байланысты. Біз студенттерді заманауи құрылғылармен жұмыс істетіп, түрлі сынақтар жасауға даярлауымыз керек, – деген пікір білдірді.

Ветеринария саласындағы белгілі сарапшы, профессор Мардан Джуланов ірі қара малды емдеуде жаңа әдістерді қолдану тұрғысында әңгіме өрбітті. Ол баяндамасында портативті жабдықтар мен цифрлық технологияларды қолдана отырып, ауруларды ерте диагностикалаудың маңыздылығын тілге тиек етті.
Ветеринариялық білім беруді жаңғырту қажеттілігіне баса назар аударған Абзал Махмұтовтың айтуынша, жас мамандар жануарлардың денсаулығын бақылаудың автоматтандырылған жүйелерін меңгергені, жаңа технологияларды енгізуге дайын болғаны дұрыс.

Шара шеңберінде колледждің тәжірибелі мамандары шеберлік сағатын өткізді. Қатысушылар жануарларды диагностикалау және емдеу үшін заманауи технологиялардың қалай қолданылатынын іс жүзінде көре алды.

Қорыта келгенде қатысушылар колледждер мен университеттер арасындағы өзара іс-қимыл бағдарламасын құру туралы, сондай-ақ, ветеринарияның қазіргі заманғы сын-қатерлеріне сәйкес келетін жаңа оқу курстарын енгізу туралы келісімге келді.

Колледждің мерейтойы 80 жылдық жолды қорытындылаумен ғана емес, аграрлық білім беруді дамытудың жаңа кезеңінің басталуымен де ерекшеленді. Талдықорған аграрлық-технология­лық колледжі әлемдік дең­гейдегі мамандарды даярлауға қабілетті ғылым және инновация орталығы ретіндегі рөлін растады.

Медет ЖҰМАБАЙ