Соңғы жылдары жүректің ишемиялык ауруымен (ЖИА) сырқаттанған науқастардың саны едәуір өскен. Бұл дерт – жүрек бұлшық етіне қанның жеткілікті мөлшерде келмеуіне байланысты дамитын ауру.
Бұл аурудың негізінде жүрекке қан жеткізетін коронарлық артериялардың тарылуы немесе бітелуі жатады. Нәтижесінде жүрек бұлшық еті қажетті оттегіні ала алмай, оның функциясы бұзылады.
Жүректің ишемиялық ауруының себептері: атеросклероз, қанның ұйып қалуы (тромбоз), генетикалық факторлар, қант диабеті, қан қысымының жоғары болуы (гипертония), темекі шегу және қоршаған ортаның ластануы саналады. Ал аурудың негізгі белгілерінің бірі – жүрекке қанның жетіспеуі нәтижесінде кеуде тұсында ауырсыну сезімі пайда болады. Бұл ауырсыну физикалық жүктемеден, эмоциялық күйзелістен немесе басқа факторлардан туындауы мүмкін. Тағы бір белгісі – оттегі жеткіліксіздігі байқалып, тыныс алудың қысқаруына әкеп соғады. Жүрек бұлшық етінің оттегісіз қалуы оның жұмысын әлсіретіп, нәтижесінде адамда әлсіздік және шаршағыштық сезімі пайда болады. Келесі бір белгісі – жүректің қағуы (аритмия). Бұл кезде жүректің ритмі бұзылып, жүрек қағу жиі немесе баяу болуы мүмкін.
Жүректің ишемиялық ауруының алдын алуда арнайы диагностика жүргізу шарт. Ең алдымен, ЭКГ (электрокардиограмма) арқылы жүректің электрлік белсенділігін тексеру арқылы ишемияның немесе аритмияның бар-жоғын анықтау. Эхокардиография арқылы жүрек құрылымын және оның жұмысын зерттеу керек. Сонымен қатар коронарлық артериялардың жағдайын, тарылуын немесе бітелуін көру үшін арнайы контрастты заттармен жасалатын коронарография зерттеуін жүргізу қажет. Диагностиканың келесі бір түрі қандағы холестерин мен басқа да майлардың деңгейін тексеру, яғни жүрек бұлшық етінің зақымдану белгілерін анықтау үшін қан анализін тапсыруға болады.
Жүректің ишемиялық ауруының алдын алу үшін: дұрыс тамақтану (майлы және тұзды тағамдарды шектеу); қалыпты дене салмағын сақтау; физикалық белсенділікті арттыру (жүру, жүзу, велосипед тебу және т.б); темекі шегуден бас тарту; стрессті жағдайларды басқару және психоэмоционалдық денсаулықты сақтау; қан қысымын, қант деңгейін және холестеринді бақылау ұсынылады.
Бұл ауруды уақытында анықтап және дұрыс емделген жағдайда толық айығып және оның асқынуларын болдырмауға болады. Алдын алу шараларын қолдану мен дұрыс өмір салтын сақтау – ЖИА-ның алдын алудың ең тиімді жолы болмақ.
Ж. Рахымжанова,
кардиология орталығының
кардиореанимация бөлімінің медбикесі
Талдықорған қаласы