Жетісу облысының әкімдігі Президенттің Іс басқармасы медициналық орталығымен өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды

Уақыты: 06.12.2024
Оқылды: 1929
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Облыс әкімі Бейбіт ИСАБАЕВ Жетісу өңіріне арнайы іссапармен келіп, бес күн бойы күрделі ота жасап, пациенттерге тегін кеңес берген ҚР Президентінің Іс басқармасы медициналық орталығының жетекшісі Алексей Цой бастап келген ұжыммен кездесті.

Басқосуда Бейбіт Өксікбайұлы облысымызға ынтымақтастық орнатуға ықылас танытқан ұжымға алғысын білдірді.

– Облыста денсаулық сақтау саласына мемлекеттен тұрақты қолдау көрсетіледі. Мәселен, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық жобасы аясында облысымызда 59 нысанның құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін 33 нысан пайдалануға беріледі. Сонымен қатар, ауылдық елді мекендердің сапалы медициналық қызметке қолжетімділігін арттыру үшін жергілікті бюджет есебінен блокты-модульді медициналық кешендер салудамыз. Соңғы 3 жылда 61 нысан бой көтерді. Тағы бір жағымды жаңалық, инвестор «Kazakhmys Holding» Талдықорғанда өз қаражатына заманауи онкологиялық орталық салады. Бүгінде ҚР Президентінің Іс басқармасы медициналық орталығының білікті мамандарымен ынтымақтастық орнату, тәжірибе алмасуды қолға алдық, – деді.

Өз кезегінде Алексей Цой: «Тек соңғы 3 жылда біздің орталықтың қызметкерлері 150-ге жуық жаңа технологияны сынақтан өткізді. Орталықта заман талабына сай  құрылғылардың барлығы бар. Енді біз өңірлерден келген әріптестерге практикалық көмек көрсетуді жоспарлап отырмыз. Ынтымақтастық туралы меморандум тиімді, облыстың денсаулық сақтау саласын одан әрі дамытуға ықпал ететініне сенімдімін», – деді.

Жиын соңында қос тарап ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Айта кетейік, Жетісу өңіріне арнайы сапармен келген ҚР Президентінің Іс басқармасы медициналық делегациясы жоспарланған 5 күнде күрделі оталарды жасап, пациенттерге тегін кеңес береді. Сондай-ақ, аймақтағы медицина қызметкерлеріне дәрістер мен шеберлік сабақтарын өткізеді.

Делегация құрамында аллерголог, травматолог-ортопед, реабилитолог, аритмолог, эндокринолог, генетик, гастроэнтеролог, реаниматолог, кардиохирург, нейрохирург, онкохирург сынды ҚР ПІБ МО ауруханасының және Ұлттық госпитальдің тәжірибелі дәрігерлері, сонымен қатар санитариялық-эпидемиологиялық сараптама орталығының, медициналық технологиялар және ақпараттық жүйелер орталығының мамандары бар. Білікті мамандар 5 күнде 31 операция жасады. Аталған отаның кейбірі аймақта алғаш рет істелгенін айта кеткен жөн. Сонымен қатар, 207 пациентке кеңес беріп, 7 дәріс, 4 презентация өткізді.

 

Айдар ҚАЛИЕВ
 Фототілші: Жеңіс Ысқабай