САНИТАРЛЫҚ ТАЛАП ӨЗГЕРТІЛДІ

Уақыты: 10.12.2024
Оқылды: 592
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің департаменті кедергілерді анықтау және жою жөніндегі кеңес отырысын өткізді. Онда Жетісу облысындағы мектепке дейінгі білім беру мекемелеріндегі әкімшілік кедергілер талқыланды. Негізгі тақырыптардың бірі – санитарлық ережелермен белгіленген балабақшалардағы дәретхана бөлмелерінің минималды аумағын талап ету.


ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің 2017 жылдан бастап қолданыста болған бұйрығына сәйкес мектепке дейінгі мекемелердегі дәретханалардың ауданы кемінде 16 шаршы метр болуы керек. Бұл талап 2021 жылға дейін салынған балабақшаларды кеңейту мен жаңғыртуға үлкен кедергі келтіріп келген еді.

Отырыс қорытындысы бойынша санитарлық ережелерге өзгерістер енгізу ұсынылды. Нәтижесінде уәкілетті орган норманы қайта қарастырып, аталған әкімшілік кедергі ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің 2024 жылғы 10 қазандағы №81 бұйрығымен жойылды. 

Бұл өзгерістер мектепке дейінгі білімге қолжетімділікті жақсартады, балабақша иелері үшін шығындарды азайтады және мекемелерді дамыту үшін икемді жағдай туындатады. 

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің 
Жетісу облысы бойынша департаменті