Қазақстан Республикасы Президентінің іс басқармасы медицина орталығының дәрігерлері Жетісудың бас қаласы Талдықорғанда 30 науқасқа операция жасады.
Сала мамандарының айтуынша, Арқадан Жетісуға арнайы атбасын тіреген елордалық білікті дәрігерлер үш күн ішінде 11 рет дәріс өткізіп, 200-ден аса науқасқа консультациялық кеңес берген. Сонымен қатар олар жергілікті әріптестерімен өзара тәжірибе алмасып, емдеудің озық әдістерін көрсетіп, 30-дан астам науқасқа операция жасаса, оның жетеуі өте күрделі науқас түрлеріне жатады. Жауаптылардың сөзінше, аталған орталық қызметкерлері соңғы үш жылда 150 жаңа медициналық технологияны сынақтан өткізген. Енді озық үлгідегі құрал-жабдықтарды кеңінен тарату мақсатында, бұл жолы осы орталық пен Жетісу облысының әкімдігі арасында ортақ меморандумға қол қойылған. Құжатқа сай бұдан былай қос тарап денсаулық сақтау саласын дамыту үшін бірлесе жұмыс жасамақ.
– «Біз еліміздің әр өңіріндегі әріптестерімізге медициналық практикалық көмек көрсетуді жоспарлап отырмыз. Негізгі мақсатымыз – аймақтарға жаңа технологияларды кеңінен енгізіп, науқастарға қызмет көрсету сапасын арттыру. Мәселен, енді Жетісу өңірінің тұрғындары облыстан сыртқа шықпай-ақ, күрделі медициналық көмекті жергілікті жерде алатын болады», – дейді ҚР Президентінің іс басқармасы медициналық орталығының жетекшісі Алексей Цой.
«Денсаулық зор байлық» деген ем алушылыр мұндай емдеу қызметінің қарапайым халық үшін қолжетімді бола бастағанына айрықша алғысын білдірді.
Айдын КӘЛІМХАН