Тамақтан улану – асқазан-ішек жолдарына тамақпен немесе сусынмен бірге зиянды бактериялардың түсіп, нәтижесінде ішкі органдар жұмысының бұзылуы. Тамақтан уланғанда ауырсыну жедел басталады. Уланудың негізгі себептеріне балалар тұтынатын азық-түліктің, тез бұзылатын тағамдардың сақтау шарттарының сақталмауы, талаптардың дұрыс орындалмауы жатады.
Улану азық-түлік пен шикізаттың сапасы мен қауіпсіздігін сақтамаудан туындайды. Сондықтан азық-түлік алғанда сатушыдан өнімнің сату құжатын сұрау керек. Тамақ дайындау кезінде жеке гигиена ережелерінің сақталмауы, ас блогы қызметкерлерінде міндетті медициналық тексерудің болмауы кері әсер етеді. Сапасыз тағамдар микробтардың көбеюіне балалардың тамақтан улануына алып келіп соқтырады.
Тамақтан уланудың эпидемиологиялық белгілері жылдам байқалады. Адамның жүрегі айнып, құсқысы келеді. Іші өтеді. Балалар тез әлсізденеді. Бір топ адам бір мезгілде уланса сырқаттану барысы ұқсас жүреді. Өнімді сатып алған кезде шыққан мерзіміне көңіл аудару керек. Тұтыну мерзімі өткен тауар ағзаға қауіп тудырады. Оның құрамы өзгереді.
Ыстық күні тұрып қалған асты жемеген дұрыс. Улану асқазан, ішек жолдарының қызметін бұзып, ағзаның сол бөлігі түйіліп, ауыра бастайды. Сол кезде тамақ ішуді тоқтата қойған жөн. «Ішің ауырса – аузыңды тый» деген сөз дұрыс айтылған. Негізінде емді үйде жасаймын деп уақытты созып алмау керек. Уланудың белгісі байқалса «Жедел жәрдем» шақыру керек.
Уланған адамнан сау адамға микроб берілмейді. Балаларды уланудан қорғау үшін тез бұзылатын тағамды тоңазытқышта сақтаңыз. Тағамның бетін ашық қалдырмау қажет. Көкөніс пен жеміс-жидекті жуып, мүмкіндігінше қайнаған сумен шайған дұрыс. Тамақ өнімдерін жарамдылық мерзімін ескере отырып сақтаңыз. Сақтау мерзімі өтіп бара жатқан асты төгіп тастаңыз. Азық-түлік өнімдерін дайындау, сақтау, тасымалдау және сату кезінде санитарлық-гигиеналық талаптар мұқият орындалуы тиіс. Тамақ өнімдерін көшеден, күмәнді адамдардан алмаған жөн. Салқын тағамдар мен салаттарды 1,5-2 сағаттан ұзақ сақтамаңыз.
Қарапайым талаптарды сақтаудың өзі балаларыңызды тамақтан уланудан қорғайды. Ал егер, тағамнан улану белгілері байқалса медициналық көмекке жүгіну қажет.
Дария Шәріпқызы,
Жетісу облысы СЭБД білім беру және тәрбиелеу нысандарын
бақылау және қадағалау бөлімінің басшысы.