Жетісу облысы бойынша шамамен 360-тан аса медициналық мекеме бар. Соның 50-ге жуығы жекеменшік. Талдықорған қаласында орын тепкен «Нұр» ортохирургия медициналық орталығы солардың бірі.
Бес жылдағы белес
Бес жыл бұрын ашылған орталықтың директоры Бақытжан Саяқбаевтың сөзінше, медициналық мекеме алғашқыда 38 орынды болып ашылса, қазір 128-ге жеткен.
– Бұл ғимарат 2019 жылға дейін «Нұр» атты мейрамхана болды. Сол жылы мекеме құрылтайшысы Жеңіс Тәжікеев екеуміз ақылдаса келе мейрамхана ісін тоқтатып, ғимаратты медициналық орталыққа айналдырсақ деп уағдаластық. Осылайша бір жыл ішінде медициналық орталыққа сай етіп құрылыс жұмыстарын жүргізіп, істі бастап кеттік. Нәтижесін өздеріңіз көріп отырсыздар. Өзге медициналық орталықтан ерекшелігі, травматологиялық бөлімінде ең қиын деген тізе, жамбас, ортопедиялық ота жасалады.
Медициналық орталықта 4 бөлім (травматология, оңалту, неврология және терапия) бар. Ұжымда 82 адам еңбек етеді. Оның ішінде 6 дәрігер (2 невропатолог, 1 терапевт, 2 травматолог, 1 нейрохирург), қалғандары орта білім қызметкерлері мен жұмысшылар.
Медициналық мекеме ә деп ашылғанда жарнама беріп, әр қызметкерді арнайы келісімшарт бойынша жұмысқа қабылдадық. Әр бөлімді өз ісін жетік білетін, жұмысына жауапкершілікпен қарайтын жандар басқарады. Олар тек меңгерушілік міндетті атқармайды, науқастарға емдеу ісін де жүргізеді. Мекемеде облысқа танымал травматолог-дәрігерлер Арсен Қанатұлы, Руслан Бауыржанұлы (жас маман болса да мықты дәрігер); невропатолог-дәрігер Салтанат Мықтыбаева (өте білгір маман); терапевт-дәрігер Әсел Тоқтарбек еңбек етеді. Орталықта айына 512 науқас емделіп шығады. Ал емделушілер үшін дәрі-дәрмекті өзіміз сатып аламыз. Бұл үшін жыл басында медициналық сақтандыру қорынан арнайы келісімшарт бойынша қаражат (12 айға бөліп)беріледі. Мәселен, биыл, 2024 жылы бөлінген қаражат көлемі 720 млн. теңге.
Мұның 50 пайыздан артығы айлық пен салыққа жұмсалады. Әлбетте, мемлекеттік мекемеде жұмыс істейтін мамандармен салыстырғанда қызметкерлердің алатын айлығы жоғары.
«Нұр» медициналық орталығы халықтың денсаулығын жақсартуда өңір бойынша сапалы қызмет етіп келетін мекеменің бірі деп есептеймін. Бес жыл ішінде орталық қызметінің сапасы артпаса, төмендеген емес. «Нұрға» жатқысы келетін әр адам алдын ала портал арқылы тіркеліп, уақыты келгенде ем-домын алады. Келер жылдан бастап төсек санын көбейтсек деген ой да бар, – дейді мекеме директоры Бақытжан Бақтыбайұлы.
Буын ауруы жасарып барады
Әр маман өз ісінің шебері ғана емес, сонымен қатар әрбір науқасқа ерекше ықыласпен қарайтын жанашыр жан. Солардың бірі травматолог-ортопед дәрігері, жас маман Руслан Байкаметов.
– Травматолог – жарақаттармен жұмыс істесе, ортопед – туа біткен немесе ұзақ уақыт ішінде пайда болған сүйек-бұлшықет жүйесінің патологияларын емдейді. Көп жағдайда маман екі бағытта да жұмыс істей алады. Өзім Талдықорған қаласына 2021 жылы келгенмін. Сол жылы қаладағы көпсалалы ауруханасына жұмысқа орналастым. Үш ай жұмыс істеген соң Семейге қайту ойымда болған. Алайда «Нұр» медициналық орталығының құрылтайшысы Жеңіс Сыдықұлы мен директор Бақытжан Бақтыбайұлымен сөйлесіп, ортақ мәмілеге келіп, 2021 жылдың қазан айынан осы орталықта еңбек етемін. Алғашқыда біраз қиындық болғанымен, 2022 жылдан бастап күні бүгінге дейін нық қадаммен жұмысымды атқарудамын, – дейді ол.
Қазіргі таңда бөлім меңгерушісі болып қызмет атқаратын Руслан Бауыржанұлы төрт жылдық еңбек өтілінде ұстазы Арсен Қанатұлының көмегімен жамбас, тізе ауыстыруға ота жасап, тәжірибе жинақтап жатқанын тілге тиек етті. Айтуынша, бір айда шамамен 10-12 ота жасалып, науқастарға қолұшын беріп келеді.
– Ота көбіне әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі арқылы жасалады. Соңғы жылдары артроз (буын) ауруы жасарып барады. Дей тұрғанмен осы диагнозбен дәрігердің алдына келген адамға бірден ота жасауға асықпаған жөн. Науқасқа отаға дейін қандай ем жасалды, соны анықтау тиіс, – дейді маман.
Ал буын ауруының жасаруы табиғи, таза тағамды тұтынбаудан екенін, ота жасатқандар арасында 1985, 1998 жылғы туған жастардың көп екеніне де алаңдаушылық білдірді.
– Жастардың басым бөлігі ет жеуден гөрі, фасфуд тағамдарын тұтынып, газды сусындар ішеді. Тағы бір фактор, экологияның бұзылуы. Сонымен қатар, сүйегі қатпаған баланы түрлі спорттық үйірмелерге беру, бұл да үлкен әсер етеді. Бірден артроз болып кетпейді, остехондоропатия деген ауруға алып келеді. Мәселен, бұл ауру тізе, табан, жамбас буындарында кездеседі. Бала жүгіргенде қанмен қамтамасыз етілген байламда күш түседі де қантамырлары жыртылуы мүмкін. Дәл осы жердегі байланып тұрған сүйектің өспей қалу қаупі бар. Сондықтан күш түсетін спорттық үйірмелерге баланың сүйегі толық қатқанда беру абзал, – дейді Руслан Бауыржанұлы.
Травматология бөлімі 27, оңалту бөлімі 34 орынға арналған.
– Науқасқа ота жасалған соң оны оңалту бөліміне ауыстырамыз. Бұл бөлімде отадан кейінгі науқастың қайта қалпына келуіне жағдай жасалады. Басқа ауруханаларда ота жасаған соң 5-6 күннен кейін үйіне жібереді. Ал отадан кейін ол күнделікті алатын ем-домы үшін емханаға баруы керек. Сол жерден тігісті шештіріп, тағы анализ жинауы тиіс. Порталға тұрып қайта оңалту бөліміне жатады. Ал біздің клиникада барлығы бір жерде жасалады. Ота жасатқан соң ары-бері жүрмей, барлық процедурадан өтеді, – деген ол орталықта жоғары санатты дәрігерлер мен медбикелер қызмет атқаратынын, келер жылдан бастап күтіп отырған қажетті жаңа аппарат алынса, үлкен оталарды қолға алу мүмкіндігі бар екенін де тілге тиек етті.
Емделушілер не дейді?
Бақтыбала ҚОЖАХМЕТОВА, Талдықорған қаласының тұрғыны:
– 80 жастамын, тізем ауырады. Сондықтан жыл сайын күз бен көктем айында портал арқылы «Нұр» медициналық орталығының травматология бөліміне келіп емделемін. Бұл жердің дәрігерлері де, жалпы жағдайы өте жақсы. Адам денсаулығы үшін уақытпен санаспай еңбек етіп жүрген барша ақ желеңді абзал жандарға деген алғысым шексіз. Қаламызда осындай медициналық орталықтың бар болғанына қуаныштымын.
Досмұхан РЫСҚҰЛОВА, Алакөл ауданының тұрғыны:
– Теректі ауылының тумасымын. 2020 жылы инсульт алған едім. Содан сол жақ тізем бастырмай ауырған соң қарашаның 29-ы күні «Нұр» клиникасына келіп, осы жердегі дәрігерлер ота жасады. Содан бері қарай аяғымды басып, жағдайым күрт түзеліп қалды. Мұнда өте жақсы қарайды екен. Осында еңбек етіп жатқан барша қызметкерге алғыстан басқа айтарым жоқ. Адам жанына араша бола білген абзал жандардың еңбегіне табыс тілеймін.
Нұрғайша БҰҚАБАЕВА, Талдықорған қаласының тұрғыны:
– Қазір портал деген жақсы болды. Өзің таңдаған медициналық орталыққа жатып емделуге қолайлы. Алты ай сайын емделіп тұрамын. 2005 жылы инсульт алып, 2021 жылы басыма ота жасалды. Қазір қажетті барлық ем-домды алып жатырмын. Жатқан жеріміз өте таза, тамағы да керемет, қызметкерлері өте кішіпейіл. Емдеуші дәрігерім Салтанат Жексенбекқызы сонау инсульт алған кезден қараған еді. Диагнозымды жақсы білетін, өте білікті, жоғары санатты дәрігер болған соң қазір «Нұр» клиникасын таңдап, жылына екі мәрте жатып, емделемін. Неврология бөлімінің барлық қызметкерін келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтаймын. Жаңа табыс, отбастарына жақсылық әкелсін!
Анар ЖАҚСЫЛЫҚОВА, Көксу ауданының тұрғыны:
– «Нұр» медициналық орталығына алғаш рет келіп, ем қабылдап жатырмын. Невропатолог дәрігеріміз де білімді, өз ісін жақсы білетін маман екен. Жатқан бөлмелеріміз өте таза, медбике, санитарка қыздар да құрақ ұшып жүгіріп жүреді. Облыс орталығында осындай керемет клиниканың болғаны көңіл қуантады. Жанына шипа іздеп келген науқастарды емдеп қана емес, жылы шырай танытқан барша абзал жандарға рахметімді айтамын. Еңбектері жемісті болсын!
Әр азаматтың денсаулығы – ұлт жетістігі
Аталмыш медициналық орталықтағы тәжірибелі, жоғары санатты дәрігердің бірі – Салтанат Мықтыбаева. Білікті маман осы жылдың наурыз айынан неврология бөлімінде жұмыс істейді.
– Неврология бөлімі 35 орынға лайықталған. Мұнда науқастар әртүрлі диагнозбен түседі. Көбіне инсульттан кейін, бас жарақаты, қан қысымы, түрлі омыртқа аурулары. Портал арқылы күн сайын 9-10 науқас келіп жатады. Барлық аудан мен қаладан түсетін науқастар саны өте көп. Орталық қажетті дәрі-дәрмекпен толық қамтылған. Мұны айтып отырған себебім, қазір көп ауруханада науқастар дәрі-дәрмекті өздері сатып алады. Ал бұл жағынан бізде бәрі жеткілікті. Сондай-ақ, науқастар физиотерапияның әртүрлі еміне қоса массажды алады. Олардың сауығып шығуына барлық ем-дом қарастырылған. Маман ретінде айтарым, әрбір адам өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, уақытылы дәрігерге көріну қажет. Барлық әріптесімді келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтаймын. Отбастарына амандық, жұмыстарына табыс тілеймін, – деп ағынан жарылды Салтанат Жексембекқызы.
Терапевт-дәрігері – медицина саласындағы негізгі маман. Себебі ол науқастарға алғаш болып көмек беріп, емдеу жолдарын белгілейді. Солардың бірі – «Нұр» медициналық орталығының білікті маманы Әсел Тоқтарбек.
– Бұған дейін облыстық ауруханада, одан кейін Ақсу аудандық ауруханасында терапевт-дәрігері болдым. «Нұр» медициналық орталығында еңбек еткеніме 2 жылға жақындап қалды. Ал терапия бөлімінде меңгерушілік міндетін атқарғаныма 1 жылға жуықтады. Бұл бөлімде көбіне артроз, асқазан-ішек жолдары аурулары, панкреатит, қан қысымымен түсетін науқастарды емдейміз. Жалпы еңбек өтілім 10 жылдан асты, – деген ол «Нұр» медициналық орталығы ашылғаннан бері елге сапалы медициналық қызмет көрсетіп келетінін де айтты.
Өңірлік денсаулық сақтау саласында өз орны бар, жоғары сапалы қызмет көрсетуді мақсат еткен «Нұр» медициналық орталығының абзал жандары бес жылда мыңдаған науқастың сауығуына көмегін берді. Алдағы уақытта да орталықтың дәрігерлері тұрғындардың денсаулығын нағайтуға өз үлесін қоса бермек.
Сарби ӘЙТЕНОВА