Мамандығын мақтан етеді

Уақыты: 14.01.2025
Оқылды: 654
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

«Жедел жәрдемде» жұмыс істейтін мамандардың ісі күнделікті өмірде көзге көрінбеуі мүмкін, алайда кейбір қиын жағдайда қалған жандар үшін олар – нағыз қаһармандар.  Біз тілге тиек еткелі отырған кейіпкеріміз  ШЖҚ «Облыстық жедел және шұғыл медициналық жәрдем көрсету станциясы» МКК Ескелді ауданының фельдшері  Сандуғаш Бектұрова  да кездескен қиындыққа төтеп бере жүріп, отыз жылдан астам уақыт медицина саласында еңбек етіп келеді.

Адал еңбек әрқашан өзінің бағасын тауып,  адамды құрметке бөлейді. Атқарған жұмысыңның  нәтижелі болуы нағыз мәртебе. Бала кезден бергі армандап, қол жеткізген мамандықтағы еңбек жолымда жеткен жетістігім аз емес.  Ал, жедел жәрдем қызметін – медицинаның беткеұстар бір  саласы деуге болады. Себебі ең бірінші қиындықты көретін де осы сала мамандары ғой, – деп ағынан жарылды  фельдшер Сандуғаш Нұрмұханқызы.

1990 жылы Талдықорған қаласындағы  медицина училищесінде  білім алған кейіпкеріміз оқу орнын бітірген жылы арнайы жолдамамен Ескелді аудандық ауруханасына жедел жәрдем станциясының фельдшері болып жұмысқа  орналасады.  1997 жылы жедел жәрдем бригадасында  қысқарту жүріп, ол  балалар емханасына  учаскелік медбике, кейін  екпе кабинетінде медбике болады. Ал 2000 жылы  қайтадан жедел жәрдем станциясына  фельдшер болып ауысады.

Осы жылдар ішінде жедел жәрдем қызметінде көптеген өзгеріс пен қайта құрулар өтті. Алайда мен осы салада жұмыс істеп қалдым. Жедел жәрдем станциясындағы   еңбек өтілімнің  соңғы екі жылында туған ауылым Бақтыбайдағы қосалқы станцияда  жұмыс істеп келемін. Бүгінде жоғары санатты маманмын. Медицинадағы еңбегім  елеусіз қалған жоқ. Бірнеше мәрте  облыс, аудан әкімдерінің,   аудандық орталық аурухана басшыларының  мақтау, алғыс грамоталарымен марапатталып, естелік сыйлықтарын иелендім.

Бала кезден  адамдарға қолұшын созуды басты міндетім деп санадым әрі дәрігер болуды армандадым. Осылайша тағдыр жолы  мені фельдшерлік мамандыққа әкелді. Жедел жәрдем фельдшері науқасты бірінші болып көріп, оның жағдайы бойынша қалай көмектесу керектігі туралы маңызды шешім қабылдайды. Мен өз мамандығымды   мақтан етемін, – дейді  тәжірибелі маман.

Әңгіме желісінде  ол   жұмыс барысында  есте қалған оқиғамен де бөлісті.

– Осыдан бірнеше жыл бұрын,  31 желтоқсан күні  Биғаш ауылынан  босанатын әйелден  шақырту түсті. Ол кезде УАЗ көлігімен қатынайтын едік.  Келіншекті алып,  ауылдан аса бергенде толғақ басталып, көлікті тоқтаттық. Далада қар жауып тұр, байланыс жоқ. Көліктің пешін толығымен қосып,  босандыруға кірісіп кеттік. Алланың қолдауымен өмірге  ұл бала келді.   Дәл осы сәтте аспан әлемі   Жаңа жылдық  отшашуға оранып, адамдар мерекені тойлатып жатқан еді.Командалық  топтың  жылдам әркет етуімен  ана мен баланың өміріне қауіп төндірмей, аудандық перзентханаға жеткіздік. Бөпесін құшағына басқан ана  оның есімін жүргізушінің құрметіне орай Саят деп   қоюға уәде берді. Осыдан кейін мен өз жұмысымның қаншалықты жауапты әрі маңызды екенін  ұғына түстім,  – деген  Сандуғаш Нұрмұханқызы  бұл жұмыс жауапкершіліктен өзге, білімділік пен табандылықты да қажет ететінін айтты.  

Әрбір күні адам жанына араша болумен өтіп келетін   Сандуғаш Бектұрова  білікті маман ғана емес,  екі баланы өмірге әкелген  аяулы ана. Айтуынша, ұлы Мирас Бектұров  фельдшерлік мамандықты таңдап, емханада еңбек етеді.

– Күніне 16-18 шақыртуға барамын. Науқасты аман-есен ауруханаға жеткізу ең үлкен жетістік  әрі  біздің жұмыстың басты жеңісі деуге  болады,  – дейді ол.

Білікті маман айтқандай-ақ, бәріміз де ауырған шақта жедел жәрдем шақырып, жанымызды фельдшерлерге аманаттаймыз. Әр секундтың маңызды қымбат екенін білетін олар да алғашқы көмек көрсетеді. Медицина саласында қалтқысыз  қызмет етіп жүрген Сандуғаш Нұрмұханқызы  жұмысының жауапкершілігі мол екенін жақсы біледі. Соған сай еңбек етіп, елдің алғысына бөленіп те жүр.  

Сарби ӘЙТЕНОВА

Ескелді ауданы

Суретті түсірген Жұмабай МҰСАБЕК