Жан шуағы

Уақыты: 23.01.2025
Оқылды: 692
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Медицинасы дамыған елдің болашағы жарқын болмақ. Өйткені медицина дамыса елдің денсаулығы жақсарып, қоғам дамиды. 


Аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Алтай Шұлғаубаевтың айтуынша, өңірдегі медициналық мекемелер саны 27, оның ішінде 1 аудандық аурухана, 1 ауылдық аурухана, 7 дәрігерлік амбулатория, 5 фельдшерлік-акушерлік пункт, 13 медициналық пункт бар. Жалпы дәрігерлер саны 66, орта буын қызметкері 315. Аудандық аурухана бөлімдерінде 180 науқасқа тәулік бойы медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік бар, бұған қоса Лепсі ауруханасында 10 орынды балалар бөлімі, 5 орынды терапия бөлімі орналасқан.

Орталық аурухананың емханасы тәулігіне 250 адамға қызмет көрсетуге жоспарланған. Емханаға тіркелгендер 26 учаскеге бөлінген: 4 терапиялық, 6 педиатриялық, 16 жалпы тәжірибелі дәрігер учаскесі. Күндізгі емдеу бөлімінде аудан бойынша 75 адамға медициналық көмек көрсетіледі. 

Жуырда ауданаралық «Қамқорлық» оңалту орталығы ашылып, өз науқастарына кәсіби медициналық көмек көрсету, олардың денсаулығын қалпына келтіру, өмірлік күш, өзіне деген сенімділік беру мақсатында жұмыс атқаруда. 

– Медицина саласындағы басты мақсат – тұрғындардың денсаулығын сақтау, өскелең ұрпақтың саулығын қамтамасыз ету ісіне озық технологиялар енгізу, ауылдағы медициналық қызметтердің сапасын арттыру.  Осы бағытта халқымыздың дені сау ұлт болып өсіп-жетілуі жолындағы ақ халатты абзал жандардың еңбегі зор. Кәсіби біліктілікті үнемі арттырып отыру, мамандықтың қыр-сырын меңгерумен қатар жауапкершілікті үнемі сезіне білу және, ең бастысы, уақытпен санаспай жұмыс жасай білу өте маңызды, – дейді Алтай Шұлғаубаев.

Басы ауырып, балтыры сыздаған жанның жанына дауа, дертіне шипа бола алатын осы сала қызметкерлері. Ал денсаулық сақтау саласында талай жыл тапжылмай тер төгіп, еңбегімен елдің ыстық ықыласына бөленіп жүрген білікті жандардың  жүріп өткен жолы көпке үлгі. 

Жақсылық Жомартұлы