Онкологияны емдеуге жаңа әдіс енгізілді

Уақыты: 25.01.2025
Оқылды: 593
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Облыстық онкологиялық клиника базасында Израильден келген халықаралық мамандардың қатысуымен HIPEC аппаратымен ота жасау бойынша шеберлік сабағы өтті. Дәрігерлерді HIPEC тәсілімен емдеуді үйретуге Израильден «Хайм Шиба» медициналық орталығының хирургия және хирургиялық онкология бөлімінің аға хирургі, медицина ғылымдарының докторы Альмог Бен-Яаков келді. Сондай-ақ, компанияның өкілі, инженер Вячеслав Иванов та отаға қатысты. Шетелден келген білікті мамандарды клиниканың директоры Мадияр Өмірбаев емхана дәрігерлеріне таныстырып, отаның сәтті өтуіне тілектестік білдірді.


Тәжірибеде онкология мамандары гипертермиялық интраперитонеальді химиялық терапия технологиясы арқылы сүт безі, асқазан және тоқ ішек обырын аралас емдеудің жаңа, жоғары технологиялық әдісі көрсетілді. Облыстық онкологиялық клиника гипертермиялық интраперитонеальді химиоперфузия әдісін алғаш қолданған өңірлік онкологиялық орталық саналады. Облыс әкімдігі мен денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен 2024 жылдың қазан айында жаңа медициналық жабдық HIPEC аппараты сатып алынған еді. Гипертермиялық интраперитонеальді химиотерапия онкология емдеудің инновациялық әдісі. Ол барлық ісік ошағын хирургиялық тәсілмен алып тастап, іш қуысына 42-43 °C дейін қыздырылған химиялық препаратты енгізеді. Ол перитонеальді канцероматозға (рак клеткаларының зақымдануы) қолданылады. HIPEC пайда болғаннан кейін ота жасауға жатпайды деп саналған қатерлі ісікті емдеу мүмкін болды.

Альмог Бен-Яаков журналистерге берген сұхбатында клиникаға келгенде ота жасауға мүмкіндік бар ма екен деп қобалжығанын жасырмады. Бірақ, қатерлі ісікке заманауи тәсілмен ота жасауға кіріскенде барлық құрал-жабдық, мүмкіндіктің талапқа сай екенін көріп қуанғанын, отаның сәтті жасалғанын айтты. Шетелдік дәрігер клиникадағы дәрігерлер мен басшылықтың бірлесіп жұмыс істеудегі ауызбіршілігіне ризашылық білдірді.

– Ұжым бір үйдің баласындай түсіністікте, ынтымақта, сыйластықта жұмыс істейтіні мені таңғалдырды. Мұндай ортада емнің нәтиже беретіні сөзсіз. Министрлік, басқарма, клиника бір-бірін жарты сөзден түсініседі. Басшылық ем жасауға келгенде білек сыбана кіріседі. Барлығының мақсаты – обырға шалдыққан адамдарға көмектессек деген ойда тоғысады, – деп денсаулық сақтау саласының мамандарына ерекше ілтипат танытты.

Халықаралық дәрежедегі шеберлік сағаты біздің дәрігерлерге үзілген үмітті ұштайтын әдісті үйретті. Жаңа тәсіл қатерлі ісікті емдеуге барынша мүмкіндік туғызады деген сенім бар.

Гүлжан ТҰРСЫН