ЕЙ, БАЛАҚАЙ, АУЛАҚ ҰСТА БОЙЫҢДЫ!

Уақыты: 18.02.2025
Оқылды: 1366
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

  Қала іргесіндегі Ынтымақ ауылында орналасқан №30 орта мектепте «Есірткіге қарсы әрекет: жасөспірімдермен тиімді жұмыс жүргізу жолдары» тақырыбында семинар өтті. Шараны облыстық білім басқармасы ұйымдастырды. Жиынға 400-ге жуық түрлі сала өкілдері қатысты.   

Облыстық семинардың басты мақсаты – жас- өспірімдер арасындағы химиялық препараттар мен синтетикалық есірткілердің таралуының алдын алу.

Шараға қатысушыларға ең алдымен бейнеүзік көрсетілді. Онда жастардың синтетикалық есірткіні қолдануы, жалпы оның кез келген адамға тигізетін кері әсері, есірткі түрлерін сату, егу, тасымалдау үшін қылмыстық жауапкершілік бар екенін түсіндіру шарғылары көрсетілген. Семинар барысында облыстық полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары Эмиль Шарменев «Жетісу облысында нашақорлықтың алдын алу және қылмыстық жауапкершілік» тақырыбында баяндама жасады.

– Мұғалімдер қазіргі жастардың қандай іс-әрекеттермен айналысып жүргенін білу керек. Жіті қадағалағандары жөн.  Жасөспірімдер арасындағы есірткі мен психотропты заттарды қолданудың алдын алу шаралары үнемі жүргізіліп отырғаны дұрыс. Мектеп жасындағы және кәмелетке толмаған жеткіншектер арасында синтетикалық және химиялық препараттарды қолдануға жол бермеу баршамыздың міндетіміз. Біз осы жөнінде ұстаздар мен педагогтарға түсіндірме жүргізіп, олармен күресу жолдарын үйретіп келеміз, – дейді Эмиль Кеңесұлы.

Ұйымдастырушылар нашақорлық қоғамдағы өзекті мәселе болғандықтан аталған семинарды ұйымдастырып отырғанын айтады. Синтетикалық және химиялық препараттардың, вейб өнімдерінің адам ағзасына тигізетін зияны туралы нарколог мамандармен  іс-шаралар өткізу қай кезде де тиімді екенін алға тартады.

– Өткізіліп жатқан семинар нашақорлықтың алдын алуға бағытталып отыр. Бұл жерге тәрбие жөніндегі орынбасарлар, мектеп психологтары, әлеуметтік-педагогтар мен үкіметтік емес ұйымдарды шақырып отырмыз. Облыс әкімінің орынбасарымен де нашақорлықтың алдын алуға байланысты шаралар бекітілді. Сол шаралардың негізінде спорттық жарыстар, кездесулер жоспарлануда, – дейді облыстық білім басқармасының бас маманы Руслан Арсланов. 

Медет ЖҰМАБАЙ
Фото: aqmeshit-zhastary.kz