Мемлекет МӘМС бойынша 500 миллиард теңге төлемеді – Аймағамбетов

Уақыты: 27.03.2025
Оқылды: 727
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Депутат Асхат Аймағамбетов Қаржы министрлігін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін уақытында дұрыс төлемейді деп айыптады. Айтуынша, жай азаматтар мен жұмыс берушілер жарнаны уақтылы төлемесе жүйеден шығарылады. Ал Қаржы министрлігі төлемесе ешқандай шара қолданылмайды. Бұл туралы 7-su.kz желілік басылымы Stan.kz ақпараттық агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды. 
 

Депутаттың айтуынша, МӘМС жүйесінде әрбір азамат ай сайын жалақысынан 2% жарна, жұмыс беруші әр қызметкері үшін қосымша 3% жарна аударады.

“Бұдан бөлек, 15 санаттағы азаматтар бар: зейнеткерлер, балалар, студенттер және тағы басқалар. Олар үшін жарнаны мемлекет төлеуі тиіс. Заң бойынша — орташа жалақының 2%-ы көлемінде. Ал іс жүзінде не болып жатыр? Қаржы министрлігі жарнаны орташа емес, медиандық жалақыдан есептейді. Бұл — заң бұзушылық.

Орта есеппен жүйе жыл сайын 250 миллиард теңге жоғалтады. 2024 жылы тіпті осы азайтылған жарнаның жартысы ғана төленген.  Соның салдарынан денсаулық сақтау жүйесі 2024 жылы 500 миллиард теңгеден астам қаражаттан қағылды”, – деді Аймағамбетов. 

Депутат қарапайым азаматтар мен жұмыс берушілер жарнаны уақтылы төлемесе бірден жүйеден шығарылып, медициналық көмек тоқтайтынын алға тартты. Алайда Қаржы министрлігі қанша төлемесе де еш шара қолданылмайды екен.

Фото: freepik.com