Денсаулық – басты байлық

Уақыты: 29.03.2025
Оқылды: 780
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Алакөл ауданының шалғай елді мекендерінде «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 9 медициналық мекеме салынуда. 

Олардың жартысы жаңа көлікпен қамтамасыз етіледі. Аймақта 59 медициналық нысан бой көтереді, оның бүгінде 15-і дайын. Олардың тек аумақтарын абаттандыру жұмыстары ғана қалды. Көлбай ауылындағы дәрігерлік амбулаторияны тәулік бойы жылытуға тура келеді. Өйткені жылу мұнда ұзақ уақыт сақталмайды. Сол себепті тұрғындар елді мекенде жаңа аурухана салу қажеттігін бірнеше рет көтерген. Қазір бұл мәселе шешілді. Өткен күзден бастап мұнда жаңа амбулатория тұрғызылуда. 

– Біздің округте 3 мыңға жуық тұрғын бар. Жаңа ғимараттың құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Ал көршілес Қызылқайың ауылында медициналық пункт салынып бітті. Жақын күндері дәрігерлік көмектің сапасы жақсарады деп ойлаймын. Ақжар ауылының жаңа фельдшерлік-акушерлік пункті мен дәрігерлері пайдалануға берілуін күтуде, – дейді Көлбай ауылдық округінің әкімі Ержан Шакеров.

Фельдшерлік-акушерлік пункт меңгерушісі Галина Сержантова бұл жерде барлық кабинеттің жұмыс істейтінін, онда денсаулығы сыр берген барлық адамға көмек көрсетілетінін, қазір жаңа ғимарат салынып жатқанын сөз етті. 

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, тағы 18 нысанды биылғы сәуір айының соңына дейін тапсыру көзделіп отыр. Қалған 26 медициналық мекеменің құрылысы мемлекеттік резерв қорынан қаражаттың түсуіне қарай аяқталмақ.

А. Байжұмақызы
Алакөл ауданы

Фото: gov.kz