Қазақстанда өкпе қатерлі ісігімен байланысты өлім-жітім күрт артып отыр. Елдің бас онкологы, ҚР ҰҒА академигі, медицина ғылымдарының докторы, профессор Диляра Қайдарованың мәліметінше, күн сайын 5-6 қазақстандық азамат өкпе обырынан қайтыс болады.
Бұл туралы 7-su.kz желілік басылымы хабарлайды.
Дәрігердің айтуынша, еліміздегі онкологиялық аурулардан болатын өлім-жітімнің ішінде өкпе обыры бірінші орында тұр. Бұл дертке алып келетін негізгі фактор – темекі шегу.
Өкпе қатерлі ісігі ең кең таралған онкоаурулардың бірі. Оның себептері арасында темекі шегу, канцерогендермен ластанған ауа, зиянды өндірістік әсерлер, радиация, созылмалы өкпе аурулары және тұқымқуалаушылық бар, – дейді Диляра Қайдарова.
Оның айтуынша, өкпе обырына ер адамдар жиі шалдығады. Әйелдер мен ерлер арасындағы қатынас шамамен 1:4 деңгейінде.
Қазақстандағы өлім-жітімнің жоғары көрсеткіштері әсіресе Шығыс Қазақстан, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Қарағанды облыстарында тіркелген.
Мамандардың айтуынша, өкпе обырына шалдығудың 90%-ы темекі шегумен байланысты. Бұған қоса, «пассивті темекі шегу», яғни басқа біреулер тартқан шылымның түтінін жұту да адам денсаулығына айтарлықтай қауіп төндіреді.
Дүниежүзілік статистика да жағдайдың ауырлығын көрсетеді: жыл сайын әлем бойынша 1,8 миллион адам өкпе обырынан көз жұмады. Бұл онкологиялық аурулардан болатын өлім-жітімнің ішінде ең жоғарғы көрсеткіш.
Фото: the-warsaw.pl