Денсаулық сақтау саласы мамандарымен сұхбаттаса отырып,оқырмандарымызға ақпарат беретін «Диагноз» атты айдарымызда әр деңгейдегі дәрігерлермен ой бөлісеміз. Мақсатымыз – әркім өз денсаулығына қатысты сұраққа жауап алса деген ой.Бүгін Талдықорған қалалық көпсалалы ауруханасының «Оториноларингология және бет-жақ сүйек хирургиясы» бөлімшесінің оториноларинголог дәрігері Темірлан Қылышбекпен әңгімелескен едік. Ол көктемнің жылтетпе жылуына алданып, құлаққа суық тигізіп алмау жайында ой қозғады.
– Темірлан бақытбек- ұлы, алдымен денсаулық сақтау саласын қалай таңдағаныңыз жөнінде айта кетсеңіз?
– Негізі әр дәрігердің дәрігерлік жолды таңдау себебі әрқилы. Біреулердің бала күнгі арманы болуы мүмкін. Енді біреулерді бұл салаға өмір иірімдері алып келеді. Кім қандай жолмен келсе де оқу-тәжірибе барысында көңілдеріне қонып, ұнап жатса келешекте өз мамандығының шебері болатыны хақ. Мен дәрігерлік жолды армандадым немесе өмір иірімдерімен келдім деп айта алмаймын. Медицина маманы болуды бала күнімнен міндет ретінде қабылдадым. Өйткені сәби кезімде маған күрделі ота жасалған. Денемді түгелдей ірің жайлап, ауданнан ем қонбай, Семей қаласындағы балалар ауруханасындағы хирург мамандар өлімнен арашалап қалды. Сол ауруханада он күннен аса ем қабылдап, сауығып шығып бара жатқанда анам емдеуші дәрігеріме алғысын айтып, көзіне жас алып тұрғанда әлгі хирург: «Кім біледі, мүмкін сіздің де ұлыңыз өзі секілді балаларды өлімнен арашалап қалатын дәрігер болатын шығар?!» деген екен. Есімді білгелі анам екеуміз оңаша қалсақ, әрқашан осы оқиғаны баяндап, санама сіңіре берді. Содан болар, мектепті тамамдағаннан кейін еш ойланбастан дәрігерлік жолды таңдадым.
– Өзіңіз қызмет ететін денсаулық сақтау саласы бөлімінің жұмысы, емдеу жолдары жайлы кеңейте айтсаңыз?
– Қазіргі таңда Талдықорған қалалық көпсалалы ауруханасының «Оториноларингология және бет-жақ сүйек хирургиясы» бөлімшесінде «дәрігер-оториноларинголог» қызметін атқарудамын. Бөлімше аталмыш сала бойынша облыста стационарлық деңгейде көмек көрсететін бірден-бір мекеме. Сол себепті бөлімшеде қала тұрғындарымен қатар облыс тұрғындары, ересектер мен балаларға стационарлық ем жүргізіледі. Бүгінде мұнда төрт дәрігер қызмет істеуде. Бір бет-жақ сүйек хирургі, үш оториноларинголог бар. Бөлімше отыз жеті төсекке арналған. Негізгі басымдық шұғыл және жоспарлы оталар жасауға арналған. Айына жүзден астам адамға жоғары әрі сапалы медициналық көмек көрсетіледі.
– Құлақ, тамақ, мұрын сырқаттарының қыр-сырына тоқталсаңыз?
– Оториноларингология – айрықша қызық сала. Бұл жерде үш түрлі орган бар. Үш түрлі орган – үш түрлі әлем. Бір-біріне мүлде ұқсамаса да бір-бірінсіз өз қызметін қалыпты атқара алмайды. Мысалы, сіздің естуіңізде кінәрат болса, оның себебі тыныс алуыңызда болуы мүмкін немесе тыныс алуыңыздағы кінәрат жұтқыншақ жолында. Сол себепті де бөле-жарып қарауға болмайды. Соңғы жылдары облысымыздағы ауруханаларға заманауи үлгідегі медициналық құрал-жабдықтар көптеп орнатылуда. Бұл үдеріс өз кезегінде облыс тұрғындарына түрлі сырқаттардың алдын алуға, дер кезінде ем алуға, асқынулардан сақтануға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда аурухана оториноларингология саласы бойынша республикалық деңгейде жасалатын оталардың көпшілігін қолға алды. Осыдан бірнеше жыл бұрын облыс тұрғындары созылмалы мұрын, құлақ, тамақ сырқаттары бойынша Алматы, Астана қаласына сабылатын. Бүгінде бұл көмек түрлері жерлестерімізге қолжетімді.
– Көп таралған қауіпті сырқаттар және олардың, алдын алу шараларын айтып берсеңіз.
– Негізінен мұрын, құлақ, тамақ патологиялары жиі кездеседі. Ондай жағдай сіздің де басыңызда болуы ықтимал. Адам өмірге келген күннен біздің сала бойынша кеселі болуы мүмкін. Оларға: кеңсірік атрезиясы, микротия, анотия жатады. Кеңсірік атрезиясы – мұрын қуысының эмбрионалды кезеңде толық дамымауынан туындайды. Яғни, мұрын мен жұтқыншақтың қосылатын жерінде сүйек пердесі қалып қояды. Бұл жағдайда сәби өздігінен тыныс ала алмайды. Тек ауыз арқылы демалады. Ал микротия – құлақ қалқаны, сыртқы есту жолының дамымай қалу салдарынан орын алады. Бұл жағдайда сәбидің құлағының дыбыс қабылдау мүмкіндігі төмен. Сондықтан сәбиге сапалы диагностика жасап, есту ақаулығын қалыпқа келтіру үшін ота жасалады. Ал анотия – сыртқы есту жолымен қатар құлақ сүйекшелерінің даму ақауымен тығыз байланысты. Мұндай жағдайда сәби сыртқы ортамен қарым-қатынас орната алмайды. Ол сөйлей алмай қалуы да мүмкін. Сол себепті мұндай балаларға қатарынан қалып қоймау үшін кохлеарлы имплантация отасы жасалуы керек.
– Менингит, ангина, гайморит сырқаттары қалай пайда болады?
– Үш-төрт жастағы балалардың арасында мұрын-жұтқыншақ безі, тыныс алу жолының вирусты ауруларының салдарынан созылмалы іріңді отит пайда болады. Аталған жағдайларда да дер кезінде сапалы медициналық көмек көрсетілмесе бет-жақ сүйек деформациясы, есту мүкістігі орын алады. Мұның салдары отогенді менингитке айналу қауіпі бар. Сонымен қатар, балаларда бадамша безінің қабынуы кең таралған. Бұл сырқат түрі ел ішінде «ангина» деген атаумен жақсы таныс. Былай қарағанда жай ғана сырқат секілді. Бірақ қабыну асқынулары өте ауыр. Егер балаңызда аталған сырқат түрі болса, оған баса назар аудару керек. Дәрігерге уақытында көрініп, мақсатты анализдер тапсырып, асқынудың алдын алған дұрыс. Олай болмаған жағдайда буын, жүрек, бүйрек сырқатына алып келеді. Жеті-сегіз жастан бастап балалардың мұрын маңындағы қойнаулары бас сүйектің өсуімен қатар қарқынды дамиды. Сол уақыттарда қойнаулық қабыну процестері басталады. Яғни «гайморит». Ол тек жоғарғы жақ сүйегіндегі қос қойнау ғана. Ал одан бөлек, адам баласында жұп: маңдай қойнау, торлы қойнау, сына тәрізді сүйек қойнаулары бар. Әр қойнауда қабыну процестері жүреді. Клиникалық белгілері де әртүрлі. Кейде бір ғана бас ауыруымен байқалса, кейбірде дене қызуының көтерілуі, мұрындағы іріңді бөліністермен де қатар жүруі ықтимал. Дер кезінде анықталып, ем жүргізілмеген іріңді ошақ өмірге қауіп төндіретінін естен шығармаған жөн.
Мұрын полипі – мұрын қуысында эозинофильді түзіліс салдарынан өскен ет. Көбіне маусымдық аллергия әсерінен орын алады. Науқастардың тынысы нашарлап, ұйқысы қанбай, қорыл шақырады. Жоғарыда айтылған тыныс бұзылысы мен қорыл мұрын қалқанының қисаюы кезінде де мазалауы мүмкін. Сондықтан да нақты қандай себеп сіздің өмір сүру сапаңызды төмендеткенін анықтау керек. Тек нақты диагноз қойылғаннан кейін ғана дұрыс ем тағайындалады. Бұл жағдайлар көбіне ота арқылы ғана шешімін табады. Дабыл жарғағының жарылуы мен есту мүкістігі қатар келеді. Егер сізге оториноларинголог дәрігер дабыл жарғағыңызда ақаулық барын анықтаса, уақытты созбай ем алғаныңыз дұрыс. Адам өміріне қауіп төндіретін сырқат түрлеріне жедел мастоидит, холестеатома, қатерлі ісік, жасөспірімдер ангифибромасы, жұтқыншақ артылық абсцесс, медиастенит, дыбыс байламының парезі мен көмей стенозы жатады. Аталған сырқат түрлерінің қай-қайсысы болмасын адам өміріне қауіпті болып табылады. Мұндай дәрежедегі сырқаттардың алдын алғыңыз келсе кемінде жылына бір рет маманның қабылдауына жазылғаныңыз жөн. Кез келген сырқатты бастапқы сатысында емдесе оның нәтижесі де оң болмақ.
– Көктем кезінде құлақ, тамақ ауырмау үшін не істеу керек?
– Көктем мезгілінің бастапқы айларында күн алдамшы болады. Сол уақытта жеңіл киінуге асығамыз. Бірақ қыстан қалған ызғардың әлі де сөгілмегенін естен шығармаған жөн. Салқын леп құлақ үшін қауіпті. Өйткені құлақ маңындағы жүйке талшықтары лепке өте сезімтал. Сондықтан созылмалы құлақ сырқаттарының асқынуына әкеп соғады. Кей жағдайда жүйке талшықтары қабынады. Жылдың қай мезгілінде болса да шамадан тыс салқын, ащы өнімдер тамақтың шырышты қабатын қабындырады.
– Темірлан БАҚЫТБЕК- ҰЛЫ, сіздің рухани әлемге де жақын екеніңізді білеміз. Сөз өнеріне бейімдігіңіздің адам емдеуге септігі тие ме?
– Әдебиетке жақындығым бар. Медицина университетінде оқып жүргенімізде оқытушылар дәрігер тек медицинаны ғана меңгеріп қоймай, жан-жақты дамуы керектігін жиі ескертіп отыратын. Оның үстіне бала күнімнен әдеби кітаптарды көп оқығандықтан бұл бейімділікті одан әрі жалғастыра беруді жөн көрдім. Бастапқыда алдыма келген кітапты талғамай оқи беретінмін. Уақыт өте келе талғам қалыптасып, соңынан жазуға деген құштарлық пайда болды. Алғашқыда сәтсіздеу болғанымен қазір бір жолға түсіп келеді. Осы уақыт аралығында халықаралық, республикалық, облыстық проза байқауларында жүлдегер атанып жүрмін. Мәйітханада жұмыс істеген студенттің басынан өткен оқиғалары жайлы «Көктегі көлеңке» атты романым, бір жинаққа толатын он шақты әңгімем бар. Сөз құдіретіне бейімдігім сырқаттың жүрегіне жетердей сөз тауып, жігер беруіме, көңіліне медеу болатын ой түюіне септігін тигізіп келеді. Ең бастысы, тәні ауырған адамның жанын түсінуге, мейіріммен қарауға тырысамын.
Гүлжан ТҰРСЫН