Белсенді ұзақ өмір сүрудің қағидаты – дұрыс тамақтану. Әсіресе, қарт адамның салауатты өмір салтын қатаң ұстанғаны жөн.
Қартаю – бұл кез келген адамға келетін табиғи процесс. Егде жаста дұрыс тамақтанбау жиі созылмалы гастрит, жара ауруы, созылмалы гепатит, созылмалы панкреатит, созылмалы колит, қант диабеті ауруларына әкеледі. Қартаю процесін тамақтану арқылы жылдамдатуға немесе баяулатуға болады.
Егде жастағы адамдарды тамақтандыруды ұйымдастыру кезінде ең алдымен ас қорыту жүйесінің төмендеген мүмкіндіктерін ескеру қажет. Осыған байланысты қарт адамдардың тамақтануына қойылатын негізгі талаптар бар. Оның біріншісі – біркелкілік. Яғни тамақтанудың сандық тұрғыдан біршама шектелуі, дәрумендердің, биомикроэлементтердің, фосфолипидтердің, көп қаныққан май қышқылдарының, алмастырылмайтын амин қышқылдарының жеткілікті мөлшерін қосу есебінен тамақтанудың жоғары биологиялық толыққандылығын қамтамасыз ету. Ақуызға деген қажеттілік. Қартайған шақта жалпы жұмысқа қабілеттіліктің төмендеуі және қарқынды дене жұмысын тоқтату ақуыз нормасын азайтуға негіз болады. Содан кейін майға деген қажеттілік. Егде жастағы адамдардың тамақтануындағы майларды шектеу қажет. Жалпы қабылданған теңдестірілген тамақтану формуласында көмірсутектердің мөлшері ақуыз санынан орташа есеппен 4 есе артық. Ақуыз бен көмірсутектердің мұндай арақатынасы егде жастағы адамдар үшін белсенді, жылжымалы өмір салтында ғана қолайлы. Аз физикалық жүктеме кезінде көмірсулар мөлшері төмендетілуі тиіс. Сондай-ақ, құрамында клетчатка мен пектинді заттар көп болатын өнімдерді пайдалану керек. Клетчатка организмнен холестеринді шығаруға ықпал етеді. Аса белсенді биологиялық әсер ететін шикі көкөністер мен жемістердің ерекше құндылығы бар.
Белсенді ұзақ өмір сүрудің құпиясына келсек, генетиктердің пікірінше, адамның биологиялық жасы 150 жылға «көзделген». Жалқаулық пен артық тамақтану, ашулану, қызғаныш, күйзеліс, құмарлық, сабырсыздық – ауруға әкелетін және өмірді қысқартатын негізгі себептер. Ұзақ әрі мәнді өмір сүргіңіз келсе, осы қателікті қайталамаңыз.
Мерей ЖУНУСБАЙ
Талдықорған медициналық колледжінің білімгері